ҚР Мемлекеттік хатшысы мен Нидерланды елшісі Гаагада Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитті өткізу перспективаларын талқылады
АСТАНА. 31 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин Қазақстандағы дипломатиялық қызметінің аяқталуына байланысты Нидерланды Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Пейтер ван Леувенді қабылдады.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарланды.
Тараптар қазіргі заманғы жаһандық проблемалар бойынша Қазақстан мен Нидерланды арасындағы көптеген ұстанымдардың ұқсас екенін, бұл тиімді өзара іс-қимыл үшін берік негіз қалайтынын атап өтті.
Кездесу барысында 2014 жылғы 24-25 наурызда Гаагада Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитті өткізу перспективалары, сондай-ақ аталған халықаралық форумға Қазақстан тарапының қатысу мәселесі талқыланды.
М.Тәжин ғарыш саласындағы Қазақстан-Голландия ынтымақтастығының жандана түскеніне қолдау білдірді. Бұған қоса, ҚР Мемлекеттік хатшысы «Болашақтың энергиясы» тақырыбында өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін ұйымдастыру мен өткізуге голландық компаниялардың белсене атсалысатынына үміт артты.
Кездесу қорытындысында М.Тәжин Пейтер ван Леувенге Қазақстан мен Нидерланды арасындағы екіжақты қарым-қатынастың дамуына қосқан жеке үлесі үшін ризашылық білдірді.