ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Елбасының АҚШ Президентіне Қазақстанға ресми сапармен келу туралы шақыруын нақтылады
АНА. 26 қаңтар. ҚазАқпарат - АҚШ-та сапарда жүрген ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Вашингтонда АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонмен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Екі жақты ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанына көңіл толғандық білдірген екі елдің сыртқы саясат ведомстволарының басшылары президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Барак Обаманың 2010 жылдың сәуір айында Вашингтонда өткізілген Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит шеңберінде жүргізілген келіссөздер кезінде қол жеткізілген келісімдердің дер кезінде жүзеге асырылуының маңыздылығын атап өтті.
ҚР Мемлекеттік хатшы-Сыртқы істер министрі Мемлекет басшысының АҚШ Президентіне Қазақстанға ресми сапармен келу туралы шақыруын тағы да нақтылады. Сонымен қатар кездесу барысында салтанатты жағдайда ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, екі ел арасындағы достық пен екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қосқан зор үлесі үшін Қанат Саудабаев Хиллари Клинтонға бірінші дәрежелі «Достық» орденін табыс етті. Оны АҚШ Мемлекеттік хатшысы зор ризашылықпен қабыл алды.