ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша басқармасының басшысы студенттермен кездесті

ОРАЛ. 27 сәуір. ҚазАқпарат -  Кеше М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Қазіргі таңдағы мемлекеттік қызмет және оған жастардың тартылуы» деген тақырыпта дөңгелек үстел отырысы болды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша басқармасының басшысы студенттермен кездесті

Отырысты университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы Асхат Иманғалиев жүргізіп, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша басқармасының бастығы, облыстық тәртіптік кеңестің төрағасы Әкімгерей Серғалин Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік органдар алдына қойылған міндеттерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметі жаңа моделінің тұжырымдамасын жүзеге асыру жолдарына тоқталды. Басқосуға оқытушылармен қатар «Мемлекеттік жергілікті басқару», «Заңгер» мамандықтары бойынша оқып жатқан 3 және 4 курс студенттері де белсене қатысып, өз пікірлерін білдірді, сұрақтар қойды. Студенттердің мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеу, кадр резерві және мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік және құқықтық қорғалуы бағытындағы сауалдарына Ә.Серғалин нақты жауаптар берді.