ҚР мен РФ аймақаралық VII форумы ауқымында «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы инновациялық технологиялар» халықаралық көрмесі өтеді
АСТАНА. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қыркүйектің 6-7 күндері Өскеменде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен РФ Президенті Дмитрий Медеведевтің қатысуымен Қазақстан мен Ресей арасындағы жетінші өңірлік ынтымақтастық форумы өтеді. Бұл туралы бүгін елордада баспасөз мәслихаты барысында ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров мәлім етті.
Оның атап өтуінше, форум бағдарламасында «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығындағы инновациялық технологиялар» тақырыбында екі елдің тауар өндірушілерінің көрмесін өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Ресейдің іскер топтарының өкілдеріне Шығыс Қазақстан облысының кәсіпорындары жақынырақ таныстырылмақ.
«Сондай-ақ форум бағдарламасына сәйкес екі елдің Президенттері кездесіп, аймақаралық және шекара ынтымақтастығы, бұған дейін қол жеткізілген сауда-экономикалық және мәдени гуманитарлық өзара іс-әрекеттерді жүзеге асыру барысын талқылайды. Форум аясында бірқатар үкіметаралық келісімдерге қол қойылады деп күтілуде», деді І. Омаров.