ҚР ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Грузия Президентін сайлау барысын байқауға қатысуда

АСТАНА. 28 қазан. ҚазАқпарат - Грузия Орталық сайлау комиссиясының Төрайымы Т. Жванияның шақыруы бойынша Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов 2013 жылғы 27 қазанда өткен Грузия Президентінің сайлауын байқауда. Бұл туралы аталған комиссия баспасөз қызметінің жетекшісі Венера Жексембекова мәлім етті.

ҚР ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Грузия Президентін сайлау барысын байқауға қатысуда


Оның атап кетуінше, Қазақстан Ортсайлаукомының басшысы Грузия Орталық сайлау комиссиясының Төрайымы Т. Жваниямен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Грузиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Е.Ертісбаевпен кездесті. «Бұл кездесулер аясында Грузияның сайлау жүйесінің түрлі аспектілері мен ел Президентін сайлау бойынша сайлау науқанының барысы талқыланды», - деді ол.

Сонымен қатар баспасөз хатшысының атап өтуінше, дауыс беру күні Қ.Тұрғанқұлов Тбилиси қаласындағы бірқатар сайлау учаскелерін аралап, сайлаудың аталған кезеңін ұйымдастыру ерекшеліктерімен танысты, сондай-ақ Грузия Ортсайлаукомының брифингіне қатысты.
Айта кетейік, Грузия Президентінің сайлауын байқауға Қазақстан Республикасынан 6 байқаушы қатысуда.