ҚР Парламенті Сенатының «Өңір» депутаттық тобы Шымкентте көшпелі мәжіліс өткізді
Бұл туралы ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметінен хабарлайды.
Шараға «Өңір» депутаттық тобының мүшелері, сенаторлар Ермек Жұмабаев, Қуаныш Айтаханов, Светлана Жалмағамбетова, Асхат Күзеков, Орынбай Рахманбердиев, Жұмабек Төрегелдинов, Мұрат Бақтиярұлы, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов, өңірлік даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскенбаев, ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Сапархан Омаров, облыстық мәслихаттың депутаттары, жергілікті органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Көшпелі отырыс мәжілісін ҚР Парламенті Сенатының депутаты, «Өңір» депутаттық тобының жетекшісі Ермек Жұмабаев ашты.
«Қазақстан-2050» стратегиясының маңызды бағыттарының бірі - шағын және орта бизнестің дамуына неғұрлым қолайлы жағдайлар жасау болып табылады. Мемлекет басшысы «біздің экономикамызда шағын және орта бизнестің үлесі неғұрлым көп болған сайын, соғұрлым Қазақстанның дамуы тұрақты болады», - деп бірнеше рет атап айтқан болатын», - деді ол кіріспе сөзінде.
Еліміздің Президенті Жалпы ішкі өнім құрамындағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін көбейту үшін алға бірқатар міндеттер қойды. Атап айтқанда, жеке меншік институттарын заңнамалық тұрғыдан нығайту бойынша кешенді шешімдер қабылдау, бизнестің дамуына кедергі келтіретін инерттік құқықтық нормалардың күшін жою, осы сектор субъектілері банкроттығының нақты тетігін енгізу, кейіннен орта бизнес қатарына ауысу перспективасымен шағын бизнестің мамандануын дамыту бойынша шаралар колдану, жұмысын жаңадан бастап жатқан бизнесмендерге әдістемелік көмектің тиімді тетіктерін жасау көзделіп отыр.
«Елбасының осынау жасампаз саясатын заң тұрғысынан қамтамасыз етуге Парламент Сенатының депутаттары да, оның ішінде «Өңір» депутаттық тобы да өз үлесін қосатын болады», - деп атап өтті сенатор.
«Қазіргі уақытта, республикада 871,5 мың шағын және орта кәсіпкерік субъектісі жұмыс істейді, 2,6 миллион адам жұмыспен қамтылған, олар 9 019,7 миллиард теңгенің өнімін шығарады. Еліміздің 17 қаласында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы құрылды, олар былтыр 22 074 консультация берді. 27 моноқаланың барлығында кәсіпкерлерді қолдау орталықтары жұмыс істеп тұр. 2014 жылы 160 аудан орталығының барлығында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылады», - деді Е.Жұмабаев.
Жиын барысында облыс әкімі А.Мырзахметов сөз алып, шағын және орта бизнесті дамыту бағытында Оңтүстік Қазақстан облысында қарқынды жұмыстар атқарылып жатқанын айтып өтті.
Отырыстан кейін депутаттар «Оңтүстік» индустриалды аумағында» орналасқан «Spirit Kazakhstan» ЖШС-ның арақ-шарап қақпақтарын өндіретін кәсіпорнында, майлайтын материалдар шығаратын «HILL Corporation» ЖШС зауытында болып, индустриалды аймақтың тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ, жоғары сапалы пластмасса құбырларын шығаратын «Компания ЮгПласт» ЖШС мен «Фирма Дана» ЖШС-ның әйнек өндіретін зауыттарында болды. Бұқаралық ақпарат құралдарымен тілдескен ҚР Парламенті Сенатының депутаттары аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.