ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Латвия Президенті Андрис Берзиньшпен кездесті

Кездесу барысында Қазақстан-Латвия екіжақты қарым-қатынасын дамыту мәселелері, оның ішінде сауда-экономикалық саласы бойынша әңгіме өрбіді, деп хабарлады Үкімет басшысының ресми сайтынан.
«Латвия біз үшін Балтық жағалауындағы маңызды әріптес, сондықтан, біз сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтіп, тереңдете түсуге әзірміз, оның үстіне бұл үшін барлық жағдай бар», - деді С.Ахметов.
Қазақстан Үкіметінің басшысы көлік-транзиттік, индустриалды-өндірістік секторлардағы өзара іс-қимыл ынтымақтастығындағы перспективалы сала ретінде қайта өңдеуді, сондай-ақ инновациялық және технологиялық әріптестікті атады.
Өз кезегінде, А.Берзиньш екі елдің сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды тереңдетуге үлкен мүмкіндіктері бар екенін атап өтті.
Келіссөздер аяқталған соң білім және ғылым, туризм, қоршаған ортаны қорғау салалары бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.