ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қ. Келімбетов Оңтүстік Кореядағы Халықаралық «ЭКСПО-2012» көрмесінің ашылу салтанатына қатысты

ЭКСПО-2012 көрмесі «Тірі мұхит пен жағалау» тақырыбымен, адамзат үшін құнды тіршілік көзі суды қорғауға арналып отыр. Қазақстанның ұлттық павильонының ерекшелігі - қонақтар Қазақстанның мәдениетімен, әлеуметтік- экономикалық және экологиялық жағдайымен, оны жақсартуға қолданылып жатқан щаралармен бір экспозиция аясында таныса алады. Көрмеде Астананың «ЭКСПО 2017» жобасындағы мүмкіндіктеріне аса назар аударылуда.
Қазақстанның ұлттық павильонының ашылу салтанатынан кейін Қайрат Келімбетов, Астана «ЭКСПО 2017» көрмесін ұйымдастыру комитетінің төрағасы ретінде Бельгия, Ресей және басқа да мемлекеттердің павильондарын аралап көріп, халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2012, Ёсу» көрмесінің Бас комиссары Ли Джун Химен кездесті. Кездесу барысында қазақстандық делегация басщысы қабылдаушы тарапты көрменің басталуымен құттықтап, іс-шараның ұйымдастыру деңгейін жоғары бағалады.
11 мамыр күні кешке ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Корея Республикасының президенті Ли Мен Бактың атынан болған мәртебелі қабылдауға, артынан көрменің ашылу салтанатына қатысты. Қазақстандық делегация құрамына ҚР СІМ Жауапты хатшысы, Астана «ЭКСПО-2017» жобасының Ұлттық үйлестірушісі Р.Жошыбаев, Корея Республикасындағы ҚР-ның Төтенше және өкілетті елшісі Д.Бакишев және ҚР экономикалық даму және сауда министрлігі сауда комитетінің төрағасы А.Қазыбаев кірді.
Оңтүстік Кореядағы сапары аясында қазақстандық делегация басшысы Халықаралық сауда кәріс қауымдастығының Басқарма төрағасы Хан Док Сумен (Корея Республикасының бұрынғы Премьер-министрі), сауда министрі Пак Тэ Хомен және «Самсунг» компаниясы басшылығымен келіссөздер жүргізді. Тараптар екі елдің сауда-экономикалық қарым қатынасын, Корей мемлекетінің Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы аясындағы қызметін және Астана қаласының 2017 жылғы көрмеге дайындығын талқылады. Хан Док Су Ёсу қаласында көрмені өткізу қырларымен бөлісіп, Астана ұсынған ұлттық жобаның маңыздылығын және таңдалған «Болашақ энергиясы» тақырыбының өзектілігін атап айтты. Тараптар соңғы жылдары қазақ - корей қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Бұл орайда, жуырда Мемлекет басшысының қатысуымен болған ядролық қауіпсіздік тақырыбындағы Сеул саммиты кезінде ұйымдастырылған қазақ корей-бизнес форумын және кезекті іскерлік кеңесінің жиынын атап өтуге болады.
Ал 12 мамыр күні Қайрат Келімбетов «Жасыл даму ғаламдық институтының» басқарма төрағасы Хан Сын Сумен (Корея Республикасының бұрынғы Премьер-министрі) кездесіп, кейіннен «LG Chem» компаниясының газохимиялық кешенін және «Самсунг» экономикалық зерттеулер институтын аралап көрді.
28 маусым күні қазақстандық павильон аясында Қазақстанның Ұлттық күні ұйымдастырылады. «ЭКСПО-2012» павильондары 12 мамыр мен 12 тамыз аралығында жұмыс істейді. Биылғы көрмеге 8 млн. астам адам қатысады деп күтілуде.