ҚР Президенті мен ҚХР төрағасы кеңейтілген құрамда кездесу өткізді

Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, қаржы-несиелік және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Сондай-ақ екі ел лидерлері халықаралық күн тәртібіндегі негізгі жайттар бойынша ұстанымдарды қарастырды. Мемлекет басшысы жылы қабылдауы үшін ҚХР төрағасына алғыс айтты және елдеріміздің арасындағы қарым-қатынас 20 жылдан астам уақыт бойы ұдайы өсу жолында дамып келе жатқанын айтты.
- Бұған Сіздің биылғы мамырда Қазақстанға жасаған ресми сапарыңыз барысында қол жеткен уағдаластықтар септігін тигізіп отыр, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті сондай-ақ қытай халқын жапон басқыншыларына қарсы соғыстағы жеңістің 70 жылдығымен және Бейжіңнің 2020 жылғы қысқы Олимпиаданы өткізу құқығын жеңіп алуымен құттықтады.
- Бейжің жазғы және қысқы Олимпиада ойындары өткен әлемдегі бірден бір қала болады, - деді Мемлекет басшысы. Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевқа ілтипат білдіре отырып, Қазақстан мен Қытайдың арасындағы стратегиялық серіктестік үздіксіз нығайып келе жатқанын атап өтті.
- Біз бүгін Қазақстан Президентімен бірге жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңі туралы бірлескен декларацияға қол қоямыз. Бұл құжат біздің көпжылдық жемісті іс-қимылымыздың қорытындысы болады және болашақтағы ынтымақтастық бағдарламасына айналады, - деді Си Цзиньпин. Келіссөздер барысында қытай жағы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруін қош көретіндіктерін айтты және бұл оқиғаның екіжақты қатынастарды арттыруда маңызды екенін атап өтті. Тараптар сондай-ақ «жасыл технологияларды» дамыту саласындағы ынтымақтастықты Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінің әлеуеті ауқымында дамытуға уағдаласты. Сонымен қатар Мемлекеттер басшылары Қазақстан аумағында аз байытылған уран банкінің құрылуына байланысты атом энергетикасы саласындағы өзара іс-қимылды күшейтуге әзір екендерін білдірді. Соңында алдағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты бүкіл әлемдегі валюта нарықтарының құбылмалылығы жағдайында дамыту перспективалары талқыланды. *** Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХР-ға мемлекеттік сапары аясында мынадай құжаттарға қол қойылды: - ҚР мен ҚХР Мемлекеттері басшыларының жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңі туралы бірлескен декларациясы; - ҚР мен ҚХР арасындағы сотталғандарды беру туралы 2011 жылғы 22 ақпандағы шарт бойынша ратификациялық грамоталар алмасу туралы хаттама; - ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы индустрияландыру және инвестиция саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы негіздемелік келісім; - «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ және «СИТИК Групп» арасындағы Қазақстан инфрақұрылымдық қорына (Kazakhstan Infrаstruсture Fund) бірлесіп қатысу туралы келісім; - «Масалы тау-кен байыту комбинаты» ЖШС мен Қытай экспорт-импорт банкі арасындағы займ туралы негіздемелік келісім; - «Еurasian Resources Group» корпорациясы және Қытай мемлекеттік даму банкі арасындағы негіздемелік келісім; - «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестиция жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ мен «Жібек жолы» қоры арасындағы индустриялық-инновациялық ынтымақтастық жобалары үшін арнаулы инвестициялық қор құру жөніндегі өзара түсіністік және іс-қимыл туралы меморандум; - «Астана ЭКСПО - 2017» ҰК» АҚ және Қытай халықаралық туризм бюросы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум; - ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық туралы келісім; - «Астана LRT» АҚ және Қытай мемлекеттік даму банкі арасындағы займ туралы келісім; - «Astana LRT» ЖШС мен ҚХР компаниялар консорциумы арасындағы ЕРС-келісімшарты.