ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Германия Федеративтік Республикасына сапары өтеді
АСТАНА. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Алдағы ақпанның 3-інде ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Германия Федеративтік Республикасына сапары басталады. Бұл сапар Германиядағы Қазақстан жылын ашу мақсатында, әрі былтырғы жылы ГФР Федералдық Президенті Хорст Келердің Қазақстанға сапары кезіндегі қол жеткізілген келісімге сәйкес ұйымдастырылып отыр.
Бүгін дәстүрлі апталық брифинг барысында Сыртқы істер министрінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сапар барысында Елбасының аталмыш мемлекеттің басшылығымен кездесулері, қазақстан-герман бизнес-форумына және Германиядағы Қазақстан жылының ашылуына орай ұйымдастырылатын мерекелік концертке қатысуы жоспарланып отыр. Сонымен бірге, Германиядағы Қазақстан жылын ашу барысында жоғары дәрежедегі саяси кездесулермен қатар, экономикалық форумдар, білім, мәдени-гуманитарлық және басқа салалардағы екіжақты қатынастарды одан әрі дамытуға бағытталған 100-ге жуық іс шаралар қамтылып отыр. Саяси қатынастарда Қазақстан мен Германия байланыс қарқынының жоғарылығымен ерекшеленіп, халықаралық саясатта ортақ мүдделі достығымен сипатталады», деді Е. Ашықбаев. Оның айтуынша, ресми Берлин Қазақстанның Еуропа институттарына жақындасу қадамдарына оң баға беріп, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға қолдау білдіреді. Ал Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына кіру туралы Германияның ұмтылысын қолдайды.