ҚР Президентінің ГФР-ға ресми сапары барысында 2 млрд.-тан астам еуроға 40-тан аса коммерциялық құжатқа қол қойылады - ҚР СІМ
АСТАНА. 6 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 7-8 ақпанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары өтеді. Бұл туралы бүгін журналистермен болған апталық брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.
Оның айтуынша, аталмыш сапар жоғары деңгейдегі байланыстарды одан әрі жетілдіріп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Сапар аясында Елбасы Германия Федеративтік Республикасының Президентімен және осы елдің канцлерімен, сондай-ақ бірқатар саясаткерлермен кездеседі деп жоспарлануда.
«Сапар барысында Мемлекет басшысы Германия Федеративтік Республикасының Экономикалық шығыс комитетінің төрағасы Эрхард Кордоспен кездеседі. Кездесулер барысында Қазақстан-Германия және Қазақстан Еуроодақ бағыты бойынша ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, сондай-ақ аймақтық және халықаралық мәселелер кеңінен сөз болады. Сапардың басты ерекшелігі - Қазақстанның экономикасын индустрияландыру ісіне Германия капиталы мен алдыңғы қатарлы технологияларын барынша көп қатысуын қамтамасыз ету болып табылады. Сондай-ақ, осы кездесулер екіжақты сауда-экономикалық, ынтымақтастықты дамытуға бағытталған», - деді ресми өкіл.
Сондай-ақ, оның айтуынша, Мемлекет басшысының ресми сапары аясында неміс компанияларының экономикалық жобаларымен таныстырылымы өтіп, Қазақстан Президентінің Германияның іскер топтарының басшыларымен кездесулері жоспарланған.
«Жалпы екі елдің іскер топтарының өкілдері 2 млрд. еуродан астам 40-тан астам Қазақстан-Герман біріккен коммерциялық мақсаттағы құжаттарына қол қояды деп жоспарлануда. 2011 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымы 3,6 млрд. долларға жеткен. Ал соңғы жылдары Қазақстанға Германияның 1,1 млрд. долларға жуық инвестициялары тартылған», - деді ресми өкіл.