ҚР Президенттік сайлауы құрметіне Қытайдың Орталық ұлттар университетінің домбырашылары концерт ұйымдастырды (ФОТО)
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - 26 сәуірде, ҚР Президенті сайлауы өткен күні Қытайдың Орталық ұлттар университеті жанындағы музыка институтының студенттері концерт ұйымдастырды.
«Домбыра бөлімі 2009 жылы ашылды. Оқу 4 жыл өтеді. Бас оқытушы белгілі шыңжаңдық композитор және домбырашы Иманали Төлеубай. Бүгінгі күнге дейін 3 адам диплом алды. Биыл мен де бұл бөлімді тәмамдаймын», - деді ҚазАқпарат тілшісіне шараны ұйымдастырушы, домбыра кафедрасының студенті Серпер Жұбанұлы. Оның айтуынша, биылғы жылы онымен бірге оқуды ән айту кафедрасының студенттері Ғалымқазы Тоқтарұлы мен Парасат Бақытұлы, сондай-ақ композиторлық бөлімнің студенті Ардақ Жеңісұлы аяқтайды. А.Жеңісұлынан басқа студенттер Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданы халықтық үкіметінің гранттары есебінен білім алуда, сондықтан олар туған өлкелеріне оралып, мәдениет саласында еңбек етпек. Концерт барысында Құрманғазы Сағырбайұлының «Кішкентай», «Серпер», «Алатау», «Төремұрат», «Түрмеден қашқан», «Терісқақпай», Боранқұл Қошмағамбетовтың «Кең жайлау», Тәттімбет Қазанғапұлының «Көкейкесті», Дайрабай Нұрғожаұлының «Дайрабай», Дәулеткерей Шығайұлының «Көрұғылы», Шернияз Жарылғасұлының «Халық күйі» шығармалары, «Япырай» қазақ халық әні, Әсет Найманбайұлының «Қысмет», сонымен қатар Алтынбек Қоразбаевтың «Елге сәлем», Мұрат Құсайыновтың «Сұлулық» және т.б туындылар орындалды.
Шақыртылған қонақтардың арасында қазақстандық дипломаттар, ҚХР-дағы ҚР Елшілігінің бірінші хатшылары Әнуар Елгелдиев пен Тимур Тарыбаев болды. Олар шараға №207 сайлау учаскесінде дауыс берген соң қатысты.