ҚР СІМ басшысы америкалық дипломатқа ҚР Президентінің «Құрмет грамотасын» табыс етті
АСТАНА. 11 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Қазақстандағы миссиясын аяқтаған АҚШ елшісі Кеннет Фэйрфакспен кездесті.
Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінен хабарлады.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық, оның ішінде сауда, инвестиция, энергетика және өзге де салаларға қатысты кең ауқымды мәселелер талқыланды.
К.Фэйрфакстың миссиясының аяқталуына байланысты ҚР СІМ басшысы екі елдің арасындағы стратегиялық серіктестікті дамытуда атқарған істері үшін америкалық елшіге ризашылығын білдірді. Әсіресе, Е. Ыдырысов америкалық дипломаттың Қазақстан-АҚШ арасындағы қарым-қатынасты институцияландыруға қосқан үлесін ерекше атап өтті. АҚШ дипломатының Қазақстанда қызмет ету уақытында стратегиялық серіктестік және ғылыми-техникалық ынтымақтастық бойынша екіжақты Комиссия жұмысы іске қосылды.
Сонымен қатар, Е. Ыдырысов америкалық дипломатқа ҚР Президентінің «Құрмет грамотасын» табыс етті.
К.Фейрфакс өз кезегінде қазақстандық тарапқа алғыс айтып, қашан да Қазақстандағы жұмысы жайлы ерекше жылылықпен еске алып отыратынын айтты.