ҚР СІМ басшысы мен ХКБ бас хатшысы Астанадағы EXPO-2017 көрмесінің инфрақұрылымын пайдалану мүмкіндіктерін талқылады
АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін елордада ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Астанада жұмыс сапарымен жүрген Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталеспен кездесті.
Бұл туралы ҚР СІМ-нің баспасөз қызметінен хабарлады.
ХКБ бас хатшысы қазақстандық сыртқы саяси ведомство басшысын Астананың EXPO-2017 көрмесін өткізу құқығына ие болуымен құттықтап, «Болашақ энергиясы» тақырыбының көкейкестілігін атап өтті.
Е.Ыдырысов EXРO-2017 көрмесін өткізу үшін министрлік басшыларының қатысуымен арнайы мемлекеттік комиссияның құрылғаны, сондай-ақ Ұлттық жоспар жасалғанынан хабардар етті.
ҚР СІМ-нің осы бағыттағы қызметіне тоқтала келе министр ведомство ішінде халықаралық қатысушылармен қарым-қатынас бойынша жұмыс штабы құрылғанын атап өтті.
Кездесу барысында тараптар Астанада EXPO-ны өткізуге дайындық мәселелерін, сондай-ақ көрме инфрақұрылымын ол аяқталған соң пайдалану мүмкіндіктерін жан-жақты талқылады.