ҚР СІМ-ге халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық өкілдіктерден көптеген көңіл айту ноталары келіп түсуде
АСТАНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелері үстіміздегі жылғы 31 қаңтарда Қазақстан азаматтарының ұшақ апаты салдарынан қаза болуына байланысты аза тұту іс-шараларын ұйымдастырды.
ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлағандай, Мемлекеттік Ту тұғырдың ортасына дейін түсіріліп, Елшіліктер атынан халықаралық ұйымдарға және шетелдік миссияларға қайғылы оқиға мен көңіл айту кітабы ашылғаны туралы ресми ноталар жолданды.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Еуропалық бөлімшесінің бас директоры Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілдігіне келіп, БҰҰ жүйесіне кіретін Женевадағы халықаралық құрылымдардың атынан қаралы кітапта көңіл білдірді. Қ.Тоқаев бұл оқиға әркімнің жүрегінде терең із қалдырған орны толмас қасірет екенін атай келе, жақындарынан айрылған жанұялар мен барша қазақстандықтардың қайғысына ортақтасатынын жеткізді.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне де бірқатар дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдар атынан көңіл айтқан ноталар түсіп жатыр. Соның ішінде, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Өкілдігінің басшысы Аурелия Бушездің атынан да көңіл айту хаты келіп түсіп, онда ол өз атынан және Еуропалық Одақтың өкілдігі атынан терең қайғылы сезімін жеткізіп, қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына шынайы көңілін білдірді.