ҚР СІМ Түркіменстанға терроризммен күрестегі ынтымақтастықты дамыта түсу жөнінде нота жолдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігі Түркіменстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне нота жолдады. Сыртқы саясат ведомствосының құжатында «Қазақстан Басшысының 15 қазандағы мәлімдемесі негізінен әлемдегі және өңірдегі терроризм қатерінің артуына байланысты шынайы алаңдаушылықтан туындағаны» айтылады.
None
None

Айта кетерлігі, мұндай алаңдаушылықты Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-і сессиясында да көтеріп, БҰҰ қолдауымен Жаһандық терроризмге қарсы коалиция құру туралы ұсыныс жасаған болатын. Осыған орай, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі халықаралық қауымдастықтан осынау бастаманың қолдау табатынына сенім білдіреді.

«Ауғанстандағы жағдай, соның ішінде оның Орталық Азия мемлекеттерімен шекаралас аумақтарындағы ахуалы соңғы уақыттары шиеленістердің артуымен сипатталып, қауіпсіздік саласындағы проблемалардың өршуімен ерекшеленетіні құпия емес. Бұл белгілі бір деңгейде осы елдегі «Ислам мемлекеті» атанып жүрген террористік ұйым өкілдерінің белсенділік танытуымен де байланысты. Соған орай, біздің мемлекеттеріміздің екіжақты және көпжақты форматтағы бірлескен әрі үйлесімді әрекеттері ортақ қауіпсіздігімізді тиімді әрі дер кезінде қорғауға септігін тигізеді» делінген құжатта.

Бұдан бөлек, нотада Қазақстанның 1993 жылдың 19 мамырында Ашхабадта қол қойылған Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы Достық қарым-қатынас пен ынтымақтастық туралы Келісім аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі жан-жақты дамытуға ниетті екені айтылады. Аталған келісімде, негізінен «бейбітшілікті нығайту, өңірлік және жаһандық деңгейде тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау» бағытындағы өзара әрекеттестік мәселелері қамтылған болатын.

Құжатта сонымен бірге, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы Мемлекет басшыларының халықаралық терроризммен күрес жөніндегі Мәлімдемесі және «2016-2020 жылдарға арналған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сыртқы шекара маңындағы қауіпсіздіктерін нығайту бойынша ынтымақтастық бағдарламасы туралы» шешімнің қабылдану ынтымақтастық үшін айтарлықтай әлеует болып табылатынына тоқталған. Аса маңызды саладағы көпжақты өзара әрекеттестікті одан әрі дамытуды қарастыратын аталған шешім ТМД Мемлекет басшылары Кеңесінің отырысында 16 қазанда Бурабайда қабылданып, оған Түркіменстан тарапы да қатысқан болатын.

Нотада сондай-ақ Қазақстанның Түркіменстанмен «тату көршілік пен достық қарым қатынас бағытындағы тұрақты әрі ашық диалогқа әзірлігі» де қуатталады.

Соңғы жаңалықтар