ҚР СІМ Түркменстанда сотталған Қазақстан азаматтарына рақымшылық жасайды деп үміттенеді
АСТАНА. 29 қаңтар. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрлігі Түркменстан шекарасынан өткені үшін сотталған Қазақстан азаматтарына рақымшылық жасалады деп үміттенеді. Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте аталған ведомствоның Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Жанболат Үсенов мәлім етті.
«Құқықтық гуманизм қағидаларына сәйкес Түркменстанда тұрақты түрде сотталғандарға рақымшылық жасалып отырады. Достас Түркменстанның өкілдері қазақстандық тараптың бірнеше сұраныстарына түсіністікпен қарап, біздің азаматтарымызға да жақын болашақта рақымшылық қағидасын қолдайды деп сенеміз»,-деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың аяғында Түрікменстанда сот отырысы өтіп, Қазақстанның 7 азаматы аталған елдің Қылмыстық кодекстің 214 бабы бойынша мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту үшін сотталған болатын. Бір азаматымыз 8 жылға, қалғандары 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
«ҚР Түркменстандағы Елшілігінің қызметкерлері біздің азаматтарымыз ұсталғаннан кейін көп ұзамай олармен кездесуге мүмкіндік алды және одан кейін де тұрақты түрде байланыста болды. Елшіліктің ақпараты бойынша сотталғандардың қамауда ұстау жағдайы бойынша шағымдары жоқ. Бұл мәселе Сыртқы істер министрлігінің қатаң бақылауында тұр. Аталған тұлғаларды босатуға ықпал жасау мақсатында барлық дипломатиялық құралдар қолданылуда, Сыртқы істер министрлігі сотталғандардың туыстарымен байланыс орнатқан»,-деді Ж. Үсенов.
Қазіргі таңда Түрікменстанның Сыртқы істер министрлігі басшылығымен келіссөздер жалғасуда, Қазақстанның Ашхабаттағы Елшілігі тиісті мемлекеттік органдарға, соның ішінде Мемлекеттік рақымшылық жөніндегі комиссиясына нақты өтінімдер жолдады.