ҚР СІМ үнқатысу мен саяси дебаттардың мәдениетін арттыруды көздейді – Ү. Сүлеймен
АСТАНА. 14 маусым.. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі ғимаратында ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Үсен Сүлейменнің Астанада тіркелген дипломатиялық корпус өкілдеріне арналған брифингі болып өтті. Брифинг барысында «Адами өлшем жөніндегі үнқатыс алаңы» консультативті-кеңес органы аясында атқарылып отырған жұмыстарға түсініктеме берілді.
Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елші өз сөзінде «Адами өлшем жөніндегі үнқатыс алаңы» консультативті-кеңес органының негізгі мақсаты ҚР Үкіметі мен Үкіметтік емес ұйымдардың күш-жігерін Қазақстанның дамуына біріктіру, соның ішінде «Қазақстан-2050» Стратегиясының негізгі мақсаттарын жүзеге асыру болып табылатынын атап өтті.
Ү. Сүлейменнің айтуынша, алаң 2012 жылы іске қосылып, Қазақстанның саяси даму болашағы жөніндегі нақты үнқатысулар жүргізуге арналған өзіндік бір жұмыс арнасына айналды. 2013 жылдың басында ағымдағы жылға арналған іс-қимыл жоспары қабылданды.
«Адами өлшем жөніндегі үнқатыс алаңы» консультативті-кеңес органының мақсаттары айқын. Біз қазіргі таңда біздің еліміздің демократиялық негізін нығайту мақсатында Қазақстанның Үкіметі, Парламенті және Үкіметтік емес ұйымдар арасындағы өзара тығыз байланыстар орнату бойынша жұмыс атқарудамыз. Біз үнқатысу мен саяси пікірталастардың мәдениетін арттырғымыз келеді», - деп атап өтті Елші.
Оның сөзінше, осы жылдың желтоқсан айында ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың төрағалығымен кеңейтілген отырыс жоспарлануда, оның барысында 2013 жылғы жұмыс қорытындыланып, Үкіметке арналған ұсыныстар тізімі, сонымен қатар 2014 жылға арналған іс-қимыл жоспары анықталатын болады.
Консультативті-кеңес органының бірінші секторлық отырысы 27 мамыр күні болып өткен. Онда күн тәртібіне саяси плюрализм, азаматтық қауымдастықты дамыту, Қазақстанның «экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтыр туралы Пактіні» жүзеге асыруы секілді мәселелер кірген болатын. Отырыс аясында 19 ұсыныстар айтылды. Елші айтып өткендей, оның барлығы консультативті-кеңестің біржылдық жұмысы аяқталғаннан кейін қорытынды құжатқа енгізілетін болады және «2020 жылға дейін демократияландыру мәселелері жөніндегі Ұлтық іс-қимыл жоспарын» әзірлеу барысында ескеру үшін ҚР Үкіметіне тапсырылады. Ү. Сүлеймен консультативті-кеңестің «Адам құқықтары» атты екінші секторлық отырысы 20 маусымға жоспарланғанын ескертіп айтты.