Көшербаев Еуропалық комиссияның вице-президентімен телефон арқылы сөйлесті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Еуропа Одағының Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі — Еуропалық комиссияның вице-президенті Кая Калласпен телефон арқылы сөйлесті.
Ведомствоның хабарлауынша, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 23 маусымда Брюссельге жасаған сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды талқылау аясында тараптар екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын, сондай-ақ алдағы екіжақты және көпжақты байланыстардың кестесін талқылады.
— Сұхбаттасушылар энергетика саласындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне және энергия ресурстарын жеткізудің халықаралық инфрақұрылымын, оның ішінде Каспий құбыр консорциумы шеңберіндегі инфрақұрылымды одан әрі дамыту перспективаларына ерекше назар аударды, — делінген хабарламада.
Әңгіме барысында тараптар серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделілігін растап, перспективалы ынтымақтастық бағыттарын кеңейтуге өзара бейілділігін білдірді.
Еске салайық, бұған дейін Ермек Көшербаев Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның сыртқы істер министрлерімен телефон арқылы сөйлескенін хабарлағанбыз.