ҚР СІМ Иран уранын Қазақстанда сақтау бастамасына пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Сыртқы істер министрлігі Иран мен АҚШ арасында ядролық келісім орнаған жағдайда, Иранның байытылған уранын Қазақстанда сақтау бастамасы туралы МАГАТЭ ақпаратына түсініктеме берді.
Бұған дейін МАГАТЭ бас директоры Рафаэль Гросси АҚШ пен Иран арасында келісімге қол жеткізілген жағдайда, Иранның байытылған уран қоры Қазақстанда сақталуы мүмкін екенін мәлімдеген еді. Әңгіме 60 пайызға дейін байытылған 440 келі уран туралы болып отыр.
Рафаэль Гроссидің айтуынша, бұл ұсынысты оған осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан.
ҚР СІМ ресми өкілі Ерлан Жетібаевтың түсіндіруінше, МАГАТЭ хабарламасында ұйымның бақылауындағы Қазақстандағы төмен байытылған уран банкі меңзелген.
— Бұл жағдайда МАГАТЭ басшысы Қазақстан аумағында орналасқан, агенттікке тиесілі төмен байытылған уран банкін де атап өтті. Аталған банк ядролық қаруды таратпау жөніндегі жаһандық режимді нығайтуға маңызды үлес қосып, бейбіт атом бағдарламалары үшін ядролық отынның кепілдендірілген жеткізілімін қамтамасыз ететін қосымша тетік болып отыр, — деді ресми өкіл ведомствода өткен брифингте.
Оның айтуынша, Қазақстан Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың қатысушысы әрі ядролық қаруы жоқ мемлекет ретінде атом энергиясын тек бейбіт мақсатта және МАГАТЭ кепілдіктері аясында пайдалануды қолдайды.
Сонымен бірге, спикер Қазақстанның Иранның ядролық бағдарламасына қатысты халықаралық келіссөздер барысын мұқият қадағалап отырғанын және тұрақтылықты, қауіпсіздікті әрі диалогты нығайтуға бағытталған күш-жігерді қолдайтынын жеткізді.
— Қазақстан барлық мүдделі тарап арасында тиісті халықаралық келісімдерге қол жеткізіліп, мәселе практикалық кезеңге өткен жағдайда, оны шешуге техникалық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді, — деді Ерлан Жетібаев.
Айта кетейік, байытылған уран — атом электр станцияларының жұмысында да, сондай-ақ ядролық қару жасау үшін де (одан әрі байытылған жағдайда) пайдаланылуы мүмкін материал.
Еске сала кетсек, 26 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Рафаэль Гроссиді қабылдап, Қазақстан мен МАГАТЭ арасындағы ынтымақтастықты 2036 жылға дейін тереңдету жөніндегі Жол картасының, сондай-ақ ядролық медицина мен ғылым саласындағы бірқатар құжаттың қол қойылуын құптаған болатын.