ҚР Сыртқы істер министрі палестиналық әріптесімен АӨІСШК-нің мерейтойлық отырысы мәселелерін қарастырды

АСТАНА. 11 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов ҚР СІМ-нің ғимаратында палестиналық әріптесі Рияд әл-Малькимен кездесу өткізді.

ҚР Сыртқы істер министрі палестиналық әріптесімен АӨІСШК-нің мерейтойлық отырысы мәселелерін қарастырды

Кездесу нәтижесі бойынша, Палестина Ұлттық әкімшілігінің сыртқы істер министрі жылы және достық атмосферада өткен келіссөздер тақырыбының өзегі Астанада өтетін АӨІСШК-нің мерейтойлық отырысы болғандығын атап өтті.

«Келіссөздердің мақсаты АӨІСШК мәселесін талқылау және бұл ұйымның өңірлік қауіпсіздік мәселелерінде ойнауы мүмкін үлкен рөлі туралы болды. Ұйымның 20 жылдық мерейтойын ескере отырып, біз бұл отырыс АӨІСШК-нің рөлін одан әрі дамытуға негіз салуы тиіс деген ортақ шешімге келдік», - деп атап өтті Р.әл-Мальки.

Сонымен қатар, оның сөзіне қарағанда, Ержан Қазыхановпен ағымдағы жылдың қарашасына жоспарланған Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдер сыртқы істер министрлерінің кеңесін өткізу мәселесі талқыланды.

Еске сала кетейік, ертең, 12 қыркүйек күні Астанада АӨІСШК-нің мерейтойлық отырысы мен сыртқы істер министрлерінің төртінші кездесуі өтетіндігі жоспарланған.

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨІСШК) - Азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ықпалдастықты нығайту бойынша халықаралық форум болып табылады.

АӨІСШК-ны шақыру идеясын алғаш рет Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев 1992 жылдың 5 қазанында БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында ұсынды.