ҚР Сыртқы істер министрі поляк әріптесінің шақыруымен Польшаға барып қайтты
АСТАНА. 24 маусым. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың 21-22 маусым күндері поляк әріптесі Радослав Сикорскийдің шақыруымен Польшаға жұмыс сапары өтті.
Бұл екіжақты қарым-қатынас тарихындағы отандық сыртқы істер ведомствасы басшысының Варшаваға тұңғыш сапары болды, деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Поляк астанасында өткен келіссөздерде 20 жылдық серіктестіктегі жетістіктерге жоғары баға берілді. Саяси байланыстар, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлы ынтымақтастықтың кеңею мүмкіндіктері мазмұнды түрде талқыланды.
Польша Сенатының төрағасы Богдан Борусевичпен өткен кездесуде тараптар парламентаралық байланыстардың белсендірілуін талқылады. Сонымен қатар, Польша парламентінің жоғарғы палатасы дәстүрлі түрде шетелдегі поляк диаспорасының мүдделерін ілгерілетуге жауапты. Осы орайда, Б. Борусевич елімізге жасаған ресми сапарын еске алып, Қазақстандағы 50-мыңдық поляк диаспорасы үшін ана тілін оқу, тарихи отанымен байланыс құру, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтау үшін жасалған қолайлы жағдайды қанағатпен атап өтті.
Қазақстан мен Польшаның сыртқы саяси ведомствалары басшылары екіжақты және көпжақты күнтәртіптің келелі мәселелері бойынша пікір алысты. Тараптар жоғары деңгейдегі мемлекетаралық және саяси байланыстарды дамытуда. Екі ел арасында елеулі келісім-шарттық негіз қалыптасқан. Студент алмасу қарқынды дамуда. Польшаның бірнеше университеттерінде қазақтың тілі мен мәдениеті, ал бірқатар қазақстандық жоғары оқу орындары мен мектептерде поляк тілі оқытылады. Варшавадағы көшелердің бірі Қазақ көшесі деген атауға ие.
Министрлер сондай-ақ «Қазақстан - Еуропа Одағы» үлгісіндегі ынтымақтастықты талқылап, ҚР мен ЕО арасындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы жаңа Келісімді дайындау бойынша бірлескен жұмысты ары қарай жалғастыруды қолдап, «Еуропаға жол» қазақстандық мемлекеттік бағадарламасын және Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуді жүзеге асырудағы екі ел әрекеттестігін атап өтті.
Астана мен Варшава ғаламдық және аймақтық қауіпсіздіктің көптеген мәселелеріне ұқсас көзқараста. Атап айтқанда, халықаралық қауымдастықтың Ауғанстанға 2014 ж. ISAF әскерін шығарудан кейін тұрақтылықты сақтауда және осы елдегі бейбіт өмір инфрақұрылымын ары қарай нығайтуда көмек көрсетудің жалғасуын қолдайды.
Польшаның вице-премьері әрі экономика министрі Вальдемар Павлякпен өткен кездесуде тараптар тауар айналымының дағдарысқа қарамастан өсіп келе жатқанын, поляк компанияларының Қазақстандағы табысты инестиция үлгілерін, олардың Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына деген қызығушылығын атап өтті. Ынтымақтастықты дамытудағы келешегі мол салалар ретінде энергетика, құрылыс, фармацевтика, телекоммуникация салалары аталды.
В. Павляк кезекті отырысы Астанада 2012 ж. қыркүйекке жоспарланған Экономикалық ынтымақтастық бойынша қазақ-поляк Үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы болып келеді. Кездесу барысында Астананың ЭКСПО-2017 өткізуге деген үмітін, Кедендік одақ, Қазақстанның Дүниежүзі сауда ұйымына алдағы қосылуы және екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың басқа да өзекті мәселелері талқыланды.
Екі елдің географиялық жағдайына назар аудара, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транизт дәлізін ескере отырып көліктік-транзиттік инфрақұрылымды бірлесе дамытудағы елеулі әлеует атап өтілді.
Сапар аясында Е. Қазыханов Варшавадағы жетекші зерттеу орталығы - Польшаның халықаралық мәселелер институтында «Қазақстан сыртқы саясатының басымдықтары» тақырыбымен сөз сөйледі. Министрдің және поляк сарапшыларының қатысуымен аймақтық және халықаралық қауіпсіздіктегі, Қазақстан мен Польша арасындағы екіжақты ынтымақтастық дамуындағы өзекті мәселелері бойынша мазмұнды пікір алмасу өтті.