ҚР вице-премьерінің Татарстан Республикасының Президентімен кездесуі өтті
ҚАЗАН. ҚазАқпарат - Бүгін Татарстан Республикасы Президентінің салтанатты ұлықтау салтанаты аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаеваның жаңадан сайланған Татарстан көшбасшысы Рустам Миннихановпен екіжақты кездесуі болды.
Кездесу барысында Қазақстан мен Татарстанның екіжақты ынтымақтастығы перспективаларына қатысты мәселелер талқыланды.
«Рустам Нұрғалиұлы, қонақжайлықпен қарсы алғаныңызға рахмет. Мен үшін бүгін өз елімнің атынан қатысуым және Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Сізге сәлемі мен құттықтауын жеткізу үлкен құрмет», - деп Д.Назарбаева Татарстан Президентіне көрсеткен қонақжайлылығы үшін алғысын білдірді.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары біздің елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық және білім саласындағы қатынастардың деңгейін өте жоғары бағалады. Д.Назарбаева олардың перспективаларына тоқталып, екі республика арасындағы тәжірибе алмасуға нақты негіз бар екенін атап өтті.
«Бұл қатынастардың одан әрі дамуына мүдделіміз. Тараптардың бұл қатынастарды дамытуға ұмтылысы береке әкеледі деп ойлаймын. Сіздерден де көп нәрсені үйренуге болатынын көріп отырмын. Сіздерде діни істерді реттеуде жақсы тәжірибе бар. Сіздерде білім беру мәселесі жақсы жолға қойылған, ислам университеті бар. Маған сіздердің мешіттерді реттеу, имамдарды аттестаттаудан өткізу тәжірибелеріңіз ұнады», - деді ол.
Бұдан әрі Д.Назарбаева ірі, соның ішінде халықаралық сипаттағы шараларды ұйымдастыру мәселелеріне және осы саладағы тәжірибе алмасу жайына тоқталды.
«Сіздерде 2012 жылы универсиада өтті. Мен оның нысандарын көріп, өте риза болдым. Мен 2017 жылғы универсиадамен айналысмып жатқан біздің командамен байланыс жасауды өтіндім, егер оның талаптары бізге сай келетін болса, онда біз сіздерден үйренетін боламыз», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасарыц.
Д.Назарбаева сондай-ақ Қазақстан мен Татарстан арасындағы мәдени-гуманитарлық саладағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін атап өтті.
«Бұл қатынастар біздің достығымызды нығайта түседі. Мен сіздерге ашық аспан, тыныш өмір, игілік тілеймін, сіздің басшылығыңызбен Татарстан гүлдене түсуіне тілектеспін», - деді ҚР вице-премьері.
Өз кезегінде Татарстан Президенті Д.Назарбаеваға сапары және қазақстандық тараптың көңіл бөлуі үшін алғыс айтты.
«Біз ресей-қазақстан қатынастары ауқымындағы халықтарымыз арасындағы байланыстарды жоғары бағалаймыз. Мен қазір де Қазақстанның зор қолдауын сезініп отырмын, біз бұдан әрі достығымызды жалғастырып, бірлесіп жұмыс жасап, бір-бірімізге жиі қатынасып, табыстарымызға бірге қуануымызды қалаймын», - деді Р.Минниханов.
Татарстан Президенті ҚР-да жүргізіліп жатқан экономикалық реформалардың тиімділігін баса айтты.
«Маған сіздердің тараптарыңыздан шығып жатқан серпін өте ұнайды. Қазақстанда жүргізіліп отырған көптеген реформалардан сабақ алып, сіздер жүзеге асырып жатқан шешімдерден әрқашан да өзіме керегін тауып отырамын», - деп атап көрсетті Р.Минниханов.
Ол ҚР Премьер-Министрінің орынбасары көтерген ірі, халықаралық сипаттағы шаралар және осы саладағы тәжірибе алмасу жағына ойыса келіп, Р.Минниханов қажет болған жағдайда Татарстанның қандай қолдауды көрсетуге де дайын екенін атап өтті.
«Сондай-ақ мен біздің құрметті Нұрсұлтан Әбішұлына шақыруымды жолдағым келеді. Біз оған қолайлы кез келген уақытта күтеміз. Шын мәнісінде ол Қазақстан үшін ғана емес, Ресей үшін де көп нәрсе істеді. Біздің елдеріміз бір-біріне жақын, ол әсіресе біздің республикамызды үнемі қолдап келеді. Біз мұны әрқашан да сезінеміз. Сондықтан да оны татар жерінде қауышуға шақырамын». - деді Р.Минниханов.