Краковтағы мәдениет және дін үнқатысуларына арналған Бейбітшілік жолындағы дінаралық кездесуге қазақстандық парламентшілер қатысты

АСТАНА. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат. Бүгін Краковтағы мәдениет және дін үнқатысуларына арналған Бейбітшілік жолындағы дінаралық кездесуге қазақстандық парламентшілер қатысты,
None
None

деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Қазақстан делегациясын Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы, ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасының мұсылмандарға қарсы кемсітушілікпен және исламнан қорқушылықпен  күрес жөніндегі жеке өкілі Әділ Ахметов бастап барды.

Сенатор дін және мәдениет мәселелеріне арналған секциялық отырыстарға қатысып, баяндама жасады.

Аудиторияға арнаған сөзінде Ә.Ахметов осы заманның жаһандық қауіптеріне қарсы іс-қимылда мәдениетаралық және дінаралық үнқатысудың маңыздылығын атап өтті.

Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша біздің еліміздің елордасы - Астанада Әлем және дәстүрлі діндер лидерлерінің үш Съезі өткенін атап өте келіп депутат қазақстандық жиын мен Дінаралық кездесудің ұқсастығы туралы пікірін білдірді.

«Бұл түрлі діни сенім өкілдері арасындағы өзара түсіністік, бейбітшілік және келісім орнықтыру ісінде дін лидерлерінің рөлі зор екенін көрсетеді»,- деді қазақстандық делегацияның басшысы.

«Толеранттық, төзімділік және сыйластық секілді құндылықтарды ілгерілетудің» маңыздылығын атап өте келіп Ә.Ахметов «конфессиялардың, этникалық және әлеуметтік топтардың толеранттық пен өзара түсіністік негізіндегі бейбіт тыныс-тіршілігін қамтамасыз етудегі Қазақстанның табысты тәжірибесі әлемдік аумақтағы түрлі мәдениеттер мен діндердің жақындасуы қажеттігін көрсетіп отыр», деп атап өтті.

Қазақстан делегациясы Краковта болған кезінде  Еуропа Одағының Арнаулы өкілі П.Морельмен, Американың бейбітшілік жолындағы Халықаралық дін ұйымының Бас хатшысы У.Вендлимен, Краков Архиепископы Кардинал С.Дживишпен, Осло Архиепскопы О.Квармемен, Киелі Эджидио Қауымдастығының Бас хатшысы Л.Джиалореттимен кездесті.

Осы заманғы конфессияаралық және мәдениетаралық үнқатысуды дамыту мәселелері бойынша пікір алмасу барысында жаһандық деңгейдегі дінаралық және мәдениетаралық үнқатысуды ілгерілету жөніндегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасына жоғары баға берілді. Сондай-ақ жүздесушілер Әлем және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығымен бұдан былайғы ынтымақтастыққа әзірлігі аталып өтілді.

Соңғы жаңалықтар