Кішкене балаға елемеу әдісін мүлде қолдануға болмайды — психолог

АСТАНА. KAZINFORM — Психолог Айнұр Алдаш қазіргі қоғамда тренд болып жатқан баланың кейбір қылығын елемеу әдісін қандай жағдайда қолдану керегін түсіндірді.

Айнұр Алдаш
Фото: Видеодан алынған скрин

— Әлеуметтік психология, қарым-қатынас психологиясы бар. Соның ішінде конфликтология деген бөлім бар. Сол жерде біреу сені конфликтіге тартатын болса, оған жауап қатпау, елемеу тиімдірек болады делінеді. Әлеуметтік желіде де біреу сізге хейт жазатын болса, оған реакция бермей, елемей қою тиімдірек болып саналады. Сол сияқты қазір баланың тәрбиесінде оның кейбір манипуляция жасау, жылап көндіру секілді оғаш қылықтары мен орынсыз әрекеттерін елемей қоя салу дұрыс тәсіл делінеді. Қазір осындай бір тренд пайда болды. Өз басым бұл әдісті қатты қолдай қоймаймын, бірақ оның жұмыс істейтін кездері болады, — деді ол Jibek Joly телеарнасындағы «Bugin Live» бағдарламасында.

Маманның айтуынша, бұл әдісті кішкентай балаға қолдану дұрыс емес. 

— Кішкентай балаға, әсіресе 2-3 жастағы балаларға елемеу әдісін мүлде қолдануға болмайды. Өйткені бала енді өмірге аяқ басып жатыр, маған кез келген жағдайда әке-шешем көмектеседі деген сенім болуы керек. Сондықтан 3 жасқа дейін бұл әдісті мүлде қолданбаған жөн. Кейін өсе келе бала жылап көндіруге, манипуляция жасауға бейім бола бастайды. Сұрағанын алып бермесең жер тепкілеп жылау деген секілді жағдайлар болады. Осындай жағдайда баланың айтқанына көне беретін болсақ, ол қылығы өршіп кетеді. Міне, осы кезде жаңағы әдісті қолдану керек, бірақ орнымен, мөлшерімен, — деді психолог.

Айта кетейік, Қазақстанда балалар қауіпсіздігі күшейтіліп, жаңа тәрбие бағдарламалары енгізіліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар