Кішкентай баладан балық қылқанын, студенттен микроқұлаққап аламыз – оториноларинголог
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Балалар құлақ, мұрынға моншақ, қаламның басын салып жібереді. Ал ересектер жасқа толмаған баласына балық беріп, қылқан кетіп қалады. Студенттер болса емтиханға кірерде микроқұлаққап салып, оны кері ала алмай қалады. Бұл туралы Kazinform тілшісіне Ақтөбе облыстық көпсалалы балалар ауруханасының оториноларинголог дәрігері Нұрзат Әлібек айтып берді.
– Көпсалалы балалар ауруханасының қабылдау бөлімі үнемі қарбаласқа толы. Олардың арасында дәл осы оториноларингология бөліміне жүгінетіндер жиі кездесе ме?
– Оториноларингология бөлімі өңір бойынша Ақтөбе облыстық көпсалалы балалар ауруханасында ғана жұмыс істеп тұр. Мұнда барлық аудан, қала балалары ем алады. Ауруханаға түсіп, ем қабылдайды, кейбіріне шұғыл көмек көрсетіледі. Шұғыл көмек алуға келетіндердің көбі құлақ, мұрын, тамаққа тұрып қалған бөгде затты алдырады. Соның ішінде балалар мұрнына моншақ, қағаз да тығып жібереді. Үш жасқа дейінгі балаларға бәрі қызық әрі көп жапа шегетін де солар. Телефонға қарап отырған сәтте есі кетіп, не істеп, не қойғанын білмейді, қолындағы дүниені мұрнына тығып жібереді.
– Ата-аналар қалай біледі?
– Мұрнына, құлағына тығып жібергенін көрсе, бірден ауруханаға әкеледі. Бірақ кейде байқамай қалады. Ол кезде мұрнынан ірің ағады, жағымсыз иіс шығады. Сол кезде ғана көмек сұрап келеді. Ұзақ уақыт қажет емес. Бірер күн өткенде-ақ осы белгілер көрінеді. Кейде мұрны қанайды. Қарап, тексерген соң бөгде зат тұрғанын көреміз, алып береміз. Ата-аналар білмей келіп, таң қалатын кездер де кездесіп тұрады. Бөгде заттың 98%-ын сол қабылдау бөлімінде алынады. Психикалық дамуы тежелген балалар болса наркоз беруге туралы келеді. Сонымен бірге құлақтың түбіне, дабыл жарғағына жақын орналасса ота жасалады. Тамырдан наркоз беріліп, ота небәрі 2-3 минутқа созылады. Бала бірер күн бақылауда болады.
– Бөгде дене дегеніміз не?
– Көбіне түрлі түсті моншақ алынады. Сонымен бірге қаламның ұшы, қағаз, құлақ шұқитын таяқша басындағы мақтасы қалып қояды. Тіпті екі құлағына бірдей салып жібереді. Ересек балалар да бар арасында. Кейін ата-анасына бірден ескерту айтамыз. Өйткені бала бір рет бөгде зат салса, кейін оны қайталайды. Арасыныда 10 рет келіп, көмекке жүгінгендер де бар. Үш жасқа толмаған балалар есін білмейді. Мұрын, құлаққа тығып, жүре береді. Тілі шықпаған бала кейде ғана көрсетуі мүмкін. Оның өзі бар болғаны 3% ғана жетеді. Құлаққа үшкір зат салса, дабыл жарығын тесіп жіберуі мүмкін. Бұл асқыну. Ал тамаққа көбіне балықтың қылқаны кетіп қалады. Ата-аналар жасқа толмаған баласына да балық береді екен. Қалай қорықпайды? Ол дұрыс емес. Ең болмаса 3-4 жасқа дейін балық бермеуін сұраймыз. Кішкентай бала әп сәтте тұншығып қалады. Балалар үйде немесе моншада балық жеп отырған жерінен көмек сұрап келеді. Қылқанды таңдай бадамша безінен аламыз. Ең қауіптісі — шарик жұту. Сонымен бірге жеміс-жидек, соның ішінде шабдалы, өріктің сүйегін жұтып қояды. Тыныс жолында тұрып қалса, бала өміріне қауіпті. Ондай кезде бірден әкелу керек. Тамағына тұрып қалса нанның қатты жерін жеу дұрыс емес. Қазір оториноларингология қызметі жақсы дамыған, сондықтан тәуекелге бармаған жөн. Аурухананың қабылдау бөлімі тәулік бойы жұмыс істейді.
– Магнит те табыла ма?
– Көбіне микроқұлаққап алдырады. Жасы 18-ге толмаған студенттер де бізде ем қабылдайды. Олар сессияға кірер кезде микроқұлаққап салып кіріп, оны шығара алмай қалады. Яғни құлақ ішіндегі кішкентай затты магнит тартпай қалады. Мұндай да көп келеді. Сонымен бірге құлақ шұқығанды жақсы көретін ата-аналар бар.
– Сол дұрыс па?
– Құлақ құлығы – табиғи процесс. Құлақты мақтасы бар таяқшамен тазалауға болмайды. Баланы жуындырған соң тек бер жағын сүртіп алу керек. Таяқшаны қолдансақ әрі қарай нығыздап, бітеп тастаймыз. Құлық сұйық, қатты, құрғақ болып келеді. Адам шайнағанда, сөйлегенде, яғни, жақ қимылдағанда өздігінен түсіп қалады. Сондай болуы керек. Емханаға, ауруханаға келіп дәрігерге қаратып, тазартып алуға болады. Жылына бір рет тексертіп алу артық емес. Ал есту қабілеті бұзылса оны қалпына келтіру қиын.
– Құлаққап киіп жүреді көбі. Кері әсері байқалып жатыр ма?
– Иә, байқалады. Егер үнемі құлаққап киіп жүрсе, дауысын қатты қойса, сезімталдық азаяды. Соңынде естімей қалады. Жас кезде білінбеуі мүмкін. Телефон мен құлаққап болашақта көп адамның көзі ғана емес, құлағына да әсер етіп, саңырау болып қалуы мүмкін.
– Мұнда қандай оталар жасалады?
– Құлақ, мұрын, тамаққа ота жасалады. Құлақтың есту қабілетін арттырамыз. Мұрынға эндоскопиялық ота жасалады. Мұрынның ішіне өскен етті алып, шеміршегін түзейміз, тыныс алуын қалпына келтіреміз. Көмекей безіне де ота жасалады. Бұл жиі кездесетін ауру. Біздің өмір сүру дағдымыз өзгерген, балалар арасында аллергия өршіп тұр. Себебі кішкентайынан дәрі-дәрмек беріп, ішектегі шырышты қабаттың жұмысын бұзған.
Аллергиядан кейін аденоидқа ұласады. Бала түнде аузын ашып ұйықтаса, қорылдаса міндетті түрде дәрігерге қаралуы тиіс. Бұрын үш жастан бастап анықталса, қазір 10-11 айлық балада кездеседі. Бұл ота 15-20 мин созылады. Ең ұзақ оталар құлаққа жасалады. Баланы неғұрлым ерте емдесе, соғұрлым тез жазылады.
Мұрынға кішкентай батарейка салып жіберетіндер бар. Ең жаманы сол. Батарейка мұрын пердесін тесіп жібереді. Тез шіріп, уытты әсері тінді зақымдайды. Шеміршекті қалпына келтіру отасы Астана қаласында жасалады.
– Ата-анаға кеңесіңіз…
– Біріншіден, суық тиіп ауырғанда мұрынды тұзды сумен емдеу керек. Сонымен бірге кішкентай балаларға аспиратор қолданған дұрыс. Бұл қабынудың, гаймориттің алдын алуға көмектеседі. Екіншіден, мұрыннан иіс шықса, демек бөгде дене бар. Үшіншіден, дүкендегі тәтті дүниені азайтқан жөн. Оның бәрі аллергия тудырады, басқа да аурудың шығуына себеп осы. Ең дұрысы – үйдің тамағы.
– Балалар сізді тыңдай ма?
– Баламен тіл табысамыз. Ерке балалар жылайды, ол кезде алдап-сулап көндіреміз. Ал ырыққа көнбесе ата-анасы ұстап отырады.