ҚСЗИ сарапшысы: Елге ақпарат түсінікті тілмен берілуі керек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің ғылыми қызметкері Сләмжар Ахметжаров Орталық коммуникациялар қызметі неге Президент Әкімшілігінің жанынан қайта құрылғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚСЗИ сарапшысы: Елге ақпарат түсінікті тілмен берілуі керек

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметін құруын прогрессивті шешім деп атауға болады. Президент қызметіне кіріскен сәттен бастап, мемлекеттік қызметшілерге халықпен әлеуметтік желі арқылы байланысу керектігін өз әрекеті арқылы көрсетіп келеді.

Бұл тұрғыда Орталық коммуникациялар қызметінің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қарамағынан Президент Әкімшілігіне ауысуы елдегі түрлі жағдайларды халыққа түсіндірудің мемлекеттік саясаты күшейтілетінін көрсетеді.

Орталық коммуникациялар қызметінің жаңа статусы Мемлекет басшысына мемлекеттік ведомстволардың қызметіне қатысты ақпараттың тынысын өз қолына алуға мүмкіндік береді. Интернет жылдам дамып, ақпарат арналарының көбеюі тұтынушыны қызықтыра алатындай сапалы контентке деген қажеттілікті арттырады», - дейді сарапшы.

Оның айтуына қарағанда, аталмыш мекемеге Telegram мессенджеріндегі танымал арна иесі Талғат Қалиевтің басшылық етуі ақпарат таратудың креативті жолдарын өмірге әкелуі мүмкін.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры болған Талғат Қалиевке Орталық коммуникациялар қызметін елге ақпаратты түсінікті тілмен жеткізудің тиімді алаңына айналдыру жүктеліп отыр. Мекеменің жұмысына креативті форматтар енгізу қажет. Сонда ғана азаматтар түрлі саладағы мемлекеттік саясаттың қалай жүзеге асып жатқанын түсінетін болады», - деді ол.

Еске салсақ, Талғат Қалиев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің басшысы болып тағайындалды.