ҚТЖ құрылысы 11 жылдан бері бітпей тұрған кешенді сатпайтын болды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — «Тұлпар-Тальго» вагондарына қызмет көрсету кешені енді «Тальго-Ақтөбе» техникалық қызмет көрсету пункті болып өзгереді. ҚТЖ баспасөз қызметі нысанды қайта жобалап, құрылыс 2026-2027 жылдары аяқталатынын хабарлады.
Ақтөбе қаласының теміржол вокзалы мен 11-шағын ауданы арасында орналасқан алып құрылыс алаңы 11 жылдан бері бос тұр. ҚТЖ желтоқсан айының басында бұл нысанды сатуға шығаратынын мәлімдеген болатын. Алайда арада тағы бірер апта өткенде дәл осы кешенде жаңа жобаны іске асыратынын хабарлады.
— Магистральдық желі дирекциясы аяқталмаған құрылыс объектісін «Тальго-Ақтөбе» техникалық қызмет көрсету пункті етіп қайта жаңғырту мәселесін қарастырып жатыр. Әрі «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның Ақтөбе машиналандырылған жол қашықтығы филиалы құрылды. Ақтөбе машиналандырылған жол қашықтығы филиалы жобаның нысаналы мақсатын өзгертуді көздейді. Жобалау-сметалық құжаттаманы түзету және құрылыс-монтаждау жұмыстары шамамен 2026-2027 жылдары аяқталады, — деп хабарлады ҚТЖ баспасөз қызметі.
Ақтөбедегі «Тұлпар-Тальго» вагондарына қызмет көрсету кешенінің құрылысына әу баста 4,3 млрд теңге қарастырылған. Алайда қаржы болмай, құрылыс 2016 жылы тоқтап қалған.
— Жобаны басқа қалаға көшіру туралы шешім қабылданбады, жоспарлау және жобалау кезеңдерінде бұзушылықтар мен қателер анықталған жоқ. Осыған байланысты нақты бір лауазымды тұлғаларды жауапқа тартуға еш негіз жоқ, — деп жазылған жауапта.
Еске салсақ, «Тұлпар-Тальго» вагондарына қызмет көрсету кешенінің құрылысы 2014 жылы басталып, тоқтап қалған. Қазір құр қаңқасы тұр. Kazinform тілшісі «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-на сауал жолдап, жауап алды. Алғашқы жауапты ұлттық компания бұл құрылыс нысаны сатуға шығарылатынын айтты. Әрі мердігер шарттық міндеттемелердің тиісті деңгейде орындамағанын, 2017 жылдың 13 қыркүйегінде келісімшарт біржақты тәртіппен бұзылғанын да хабарлады.