Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда майлы дақылдар алқабы рекордтық деңгейге жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен кеңесте 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы өсімдік шаруашылығы саласының даму қорытындылары, вегетациялық кезеңнің өту барысы және алдағы егін орағы науқанына дайындық мәселелері қаралды.

Қазақстанда майлы дақылдар алқабы рекордтық деңгейге жетті
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов егіс алқаптарын кезең-кезеңімен әртараптандыру және табыстылығы жоғары дақылдарға көшу жұмыстарының жүйелі түрде жалғасып жатқаны туралы баяндады.

Атап айтқанда, майлы дақылдардың егіс алқабы 4,3 млн гектарға жетті. Бұл — ең жоғары көрсеткіш. Мал азықтық дақылдардың егіс көлемі 3,3 млн гектарға, жүгері алқабы 253,4 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар, бидай алқабы 125 мың гектарға қысқартылып, оңтүстік өңірлерде дәстүрлі суармалы күріш пен мақта егістігінің көлемі оңтайландырылды.

Кейінгі үш жылда егіс құрылымындағы дәнді дақылдардың үлесі 73%-дан 66%-ға дейін төмендеп, майлы дақылдардың үлесі 18%-ға дейін өсті. Ең жоғары нәтижелер еліміздің негізгі астықты өңірлерінде тіркелді.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді минералдық тыңайтқыштармен қамтамасыз ету деңгейін арттыру жұмыстары жалғасуда. Биыл жоспарланған көлемнің 78%-ына келісімшарт жасалып, тыңайтқыштар жерге енгізілді. Кеңесте егін орағы науқанына дайындық және астық қабылдау инфрақұрылымының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мәселесіне ле ерекше назар аударылды.

Еліміздегі астық сақтау қоймаларының жалпы сыйымдылығы 30,7 млн тоннаны құрайды. Демек, болжанып отырған өнім көлемін толық көлемде қабылдауға мүмкіндік жеткілікті.

Министр элеваторлардың жүктемесін азайтуды және қажет болған жағдайда жаңа өнімді қабылдау мүмкіндігін арттыру мақсатында астықты еліміздің оңтүстік өңірлеріне тасымалдауды ұйымдастыруды тапсырды.

Агрометеорологиялық мониторинг деректеріне сәйкес, ауа райы жағдайларының әркелкі болуына қарамастан, ауыл шаруашылығы алқаптарының басым бөлігінде өнімді ылғал қоры оңтайлы деңгейде сақталған. Дәнді және майлы дақылдар егістігінің 99%-дан астамының жағдайы жақсы және қанағаттанарлық деп бағалануда. Бұл мол әрі сапалы өнім алуға қолайлы алғышарт қалыптастырып отыр.

Оңтүстік және батыс өңірлерде күздік дақылдарды жинау жұмыстары басталды. Бүгінгі күні 635,8 мың тонна астық бастырылды. Орташа өнімділік гектарына 20,6 центнерді құрады.

Жиынды қорытындылай келе, министр аудандар мен өңірлердегі астық қабылдау бекеттерінің жай-күйіне жан-жақты талдау жүргізуді және олардың жаппай егін орағы басталғанға дейін толық дайын болуын қамтамасыз етуді қатаң тапсырды. Сонымен қатар ауа райына байланысты тәуекелі жоғары өңірлерді дер кезінде айқындап, алдын ала жедел шаралар қабылдауды, сондай-ақ минералдық және органикалық тыңайтқыштарды енгізу жұмыстарын жоспарға сай толық орындалуын қамтамасыз етуді міндеттеді.

— Егін орағы науқаны — қалт жіберуге болмайтын, ең жауапты кезеңдердің бірі. Вегетациялық кезеңнің өтуіне, техникалардың, элеваторлардың және логистикалық инфрақұрылымның дайындығына қатысты барлық мәселе тұрақты бақылауда болуға тиіс. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмысын нақты үйлестіріп, егінді оңтайлы мерзімде ысырапсыз жинауды, сондай-ақ жаңа өнімді қабылдауға барлық қажетті жағдайды қамтамасыз ету қажет, — деді Айдарбек Сапаров.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда егін орағы науқаны басталғанын хабарлағанбыз.