Куба АҚШ-тың гуманитарлық көмек туралы мәлімдемесін жоққа шығарды
АСТАНА. KAZINFORM — Куба АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың Вашингтон Кубаға 100 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек ұсынды деген мәлімдемесін теріске шығарды, деп жазады Синьхуа.
Кубаның Сыртқы істер министрі Бруно Родригес X әлеуметтік желісінде Марко Рубио жалған ақпарат таратып отыр деп мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай сөздер Гаванаға қарсы әрекеттерді ақтау үшін айтылған.
Бұған дейін Марко Рубио журналистерге АҚШ-тың католиктік қайырымдылық ұйымы Caritas арқылы Кубаға 6 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсеткенін және Куба үкіметіне қосымша 100 миллион доллар ұсынғанын, алайда Гавана бұл ұсыныстан бас тартқанын айтқан.
Ал Бруно Родригес бұл мәлімдемеге жауап беріп: «Бұл қаражат қайда? Ол не үшін пайдаланылмақ болды?» деп жазды. Сонымен қатар, ол АҚШ тарапынан жүргізіліп отырған экономикалық қысым Кубаға миллиардтаған доллар шығын келтіріп отырғанын атап өтті.
Осыған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп халықаралық шиеленіс күшейіп тұрған кезеңде Куба туралы пікір білдіріп, елде «жақын арада билік ауысуы мүмкін» екенін айтты.