16:29, 10 Наурыз 2009 | GMT +5
Куба дәрігерлері Мәжіліс депутаттарымен сұхбаттасты
АСТАНА. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін Мәжілістің бір топ депутаты Куба елінен келген делегациямен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кездесуде Қазақстан мен Куба ынтымақтастығы жөніндегі топтың жетекшісі, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Уәлихан Қалижанов еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін екі мемлекет арасындағы байланыстың жаңа деңгейге көтерілгенін жеткізді. Медицина саласында алғашқы дәрігерлік көмек көрсету жүйесі бойынша Кубаның әлем елдері арасында 28-орында тұруы үлкен көрсеткіш екенін атап өтті. Сондықтан денсаулық сақтау саласында бірлескен жобаларды іске асыру екі елге де тиімді болмақ.Делегация жетекшісі, «Кубалық медициналық қызметтер» ұйымының өкілі, дәрігер Педро Анхель Мартинес Маикес қос мемлекет арасында ондаған жылдар бойы орнаған достық қарым-қатынас сауда-экономикалық байланысты дамытуға да үлкен ықпал жасайтынын мәлім етті. Денсаулық саласында Кубаның қандай жетістіктерге қол жеткізгені жөнінде баяндап берді.
Кездесуде Тараптар парламентаралық байланыстарды дамыту туралы мәселелерді қозғады.Айта кету керек, 1992 жылы 16 қаңтарда Куба Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін мойындаған. Сол жылы 24 наурыздан бастап екі ел арасындағы дипломатиялық байланыс орнатылды. Содан бергі уақытта көптеген сауда-экономикалық байланыстар орнатылып, жоғарғы деңгейдегі саяси кездесулер, парламентаралық тәжірибе алмасу ісі жүзеге асырылды. Ғылым, мәдениет, спорт және туризм саласындағы келісімдерге қол жеткізілді.2008 жылдың қаңтар-желтоқсан айларының ішінде Куба мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы 43,7 млн АҚШ доллары көлемінде болды. 2007 жылы тауар айналымы 5,08 млн доллар деңгейінде ғана болған еді.
Кубалық меймандармен өткен кездесуге «Қазақстан Республикасы ? Куба Республикасы» ынтымақтастығы жөніндегі топтың мүшелері, Мәжіліс депутаттары Сансызбай Есілов, Гүлмира Исімбаева, Валерий Котович қатысты.
Осы басқосуға «Кубалық медициналық қызметтер» ұйымының өкілі Хуан Карлос Андукс Вальдес және Куба Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Абелардо Эрнандес Феррер қатысты.