Куба шетелдік әуе компанияларына авиакеросин тапшылығы туралы ескертті
АСТАНА. KAZINFORM – Куба билігі шетелдік әуе компанияларына елдегі әуежайларда авиакеросин тапшылығына байланысты ұшақтарға уақытша жанармай құю мүмкін еместігін хабарлады. Бұл туралы EFE агенттігіне сілтеме жасап DW жазды.
Ақпаратқа сәйкес, шектеулер 10 ақпаннан бастап күшіне еніп, кемінде наурыз айының ортасына дейін сақталуы мүмкін. Авиакеросин тапшылығы елдің бірнеше әуежайында, соның ішінде Гаванадағы Хосе Марти атындағы халықаралық әуежайда байқалып отыр.
Куба билігі әуе тасымалдаушыларға ел аумағында қосымша жанармай құюға сенуге болмайтынын ескерткен. Бұл шетелдік авиакомпаниялардың рейс бағыттарын, кестесін және ұшу жиілігін қайта қарауына алып келуі мүмкін.
EFE мәліметінше, Кубадағы жанармай тапшылығы АҚШ тарапынан қысымның күшеюінен кейін ушыға түскен. Қаңтар айының соңында АҚШ президенті Дональд Трамп Кубаға мұнай жеткізетін елдерге қатысты жаңа тарифтік жүйе енгізу туралы жарлыққа қол қойған.
Ақ үй бұл шешімді Куба билігінің АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді және жау мемлекеттер мен топтармен ынтымақтасады деген уәжбен түсіндірген. Осы жағдайдан кейін аралға жанармай жеткізу көлемі қысқарып, әуе кемелерін отынмен қамтамасыз ету қиындыққа тап болған.
Ресейлік БАҚ мәліметінше, 9 ақпанда «Россия» әуе компаниясының Мәскеу – Гавана бағыты бойынша рейсі соңғы сәтте тоқтатылған. Ұшақ экипажының командирі Куба әуежайында жанармай жоқ екенін хабарлаған.
EFE агенттігінің жазуынша, Кубаның туризм саласы пандемиядан кейін де дағдарысты кезеңді бастан өткеріп отыр. АҚШ санкциялары мен ішкі экономикалық қиындықтар жағдайды одан әрі күрделендірген.