Құбыр зақымданған: Алатау қаласының шағын ауданы газсыз қалды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алатау қаласы, «Қоянқұс» шағын ауданының бір бөлігінде газ өшірілді.
Алатау әкімдігінің мәліметінше, Қарасай батыр көшесі, 27 мекенжайында жеке тұлға электр беру желісіне арналған бетон тіректерін орнату мақсатында жер қазу жұмыстарын жүргізген. Алайда олар орта қысымды жерасты газ құбырын зақымдаған.
— Қазір қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында авариялық-диспетчерлік қызмет апаттық жағдайды жедел оқшаулады. Зақымдалған газ құбыры ажыратылып, газдың шығуына жол бермеу бойынша барлық қажетті шаралар қабылданды, — деп хабарлады әкімдіктен.
Қалпына келтіру жұмыстары 29 шілде күні таңғы уақытта басталмақ. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын «QazaqGaz Aimaq» АҚ қызметкерлері жүргізеді.
— Алдын ала мәлімет бойынша, жұмыстарды аяқтап, газбен жабдықтауды толық қалпына келтіру түске дейін жоспарланып отыр. Тұрғындардан уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұраймыз. Барлық жауапты қызметтер газбен жабдықтауды мүмкіндігінше қысқа мерзімде қалпына келтіру үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр, — деп түсіндірді әкімдіктің баспасөз қызметі.
Еске салайық, Алматының екі ауданында газ уақытша өшірілді.