Құқық қорғау органдарының қызметін реформалау олардың күш-жігерін қылмыспен күреске шоғырландыруға мүмкіндік береді
АСТАНА. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Құқық қорғау органдарының қызметін реформалау олардың күш-жігерін қылмыспен күреске және қоғамдық тәртіпті қорғауға шоғырландыруға мүмкіндік береді.
Бұл пікірді бүгін Кедендік одаққа қатысушы елдер Ішкі істер министрлерінің бірінші кеңесінен кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Ішкі істер министрі Серік Баймағамбетов білдірді.
Оның айтуына қарағанда, құқық қорғау жүйесін реформалау бойынша қабылданатын шаралар олардың қылмыспен күресінің тиімділігін арттыра түспек. Сондай-ақ реформалау аясында құқық қорғау органдарының арасындағы құзіреттерді нақты шектеу ведомстволар арасындағы мүдделер қақтығысының орын алуын болдырмауға септігін тигізбек.
Сонымен қатар аталған реформа есірткі бизнесімен және есірткі саудасымен күрестегі шараларды күшейтуді, ҚР ІІМ Көші -қон комитетін құруды қарастыратындығын атап өткен С.Баймағамбетов «медициналық айықтырғыштар денсаулық сақтау, уақытша оқшаулау орталықтары білім беру жүйесіне, ал көлік құралдарын диагностикалу және техникалық тексеру және аса маңызды стратегиялық нысандарды қорғаудан басқа ІІМ-нің күзет қызметі бәсекеге қабілетті ортаға беріледі», деді.