Құлсарыда қараусыз қалған үйлерді 110 полицей мен 60 сарбаз қадағалап жүр
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында су басқан Құлсары қаласындағы қараусыз қалған үйлерді 110 полицей мен 60 сарбаз қадағалап жүр.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары мен Ұлттық ұлан әскері Құлсары қаласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында үздіксіз патрульдеуге кіріскен.
«Полиция қызметкерлері Құлсары қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзуға жол бермеу мақсатында тиісті іс-шараларды қолға алды. Оған 110 полицей мен Ұлттық ұланның 60 сарбазы тартылды. Жылыой аудандық полиция бөлімінің жедел басқару орталығындағы бейнекамералар арқылы тасқын су басқан көшелерге бағыт алған көліктер мен тұрғындар тексеріледі. Тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Полиция қызметкерлерінің арасында 10 күннен бері үйіне бармағандар бар.
Кейбірі су тасқынына байланысты Қызылқоға ауданына көмекке барған. Кейін Құлсары қаласына келген.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында төтенше жағдай жарияланды.
Атыраудың Жылыой ауданынан эвакуацияланған халық саны 31 мыңнан асты.