Құлсарыдан Ресейге барған 120 оқушы демалысын жалғастыратын болды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы Құлсары қаласынан Ресейге барған 120 оқушы демалысын жалғастыратын болды. Олар «Қазақстан геологі» емдеу пансионатында 4 қарашаға дейін демалады.

Оқушылар
Фото: Алматы әкімдігі

Бұл деректі Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов растады.

Оның айтуынша, Жылыой ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың 174 баласы аталған пансионатқа демалуға жіберілген.

«Аудандық білім бөлімі түзген тізімге сәйкес 27 қазанда 174 оқушы Ресейдегі «Қазақстан геологі» емдеу пансионатына барған еді. Оның ішінде 113 ұл, 61 қыз бар. Оларды 18 мұғалім алып барды. Алайда, пансионаттағы кейбір бөлмеге қоңыз кіргені анықталды. Осыған байланысты оқушыларды елге қайтаруға шешім қабылдаған едік. Дегенмен, кейбір оқушылар демалысты жалғастыруға өтініш білдірді. Оқушылардың бұл өтінішін ата-аналары да қолдады», -дейді Марат Әбуов.

Басқарма басшының дерегіне қарағанда, «Қазақстан геологі» пансионатында 120 оқушы демалысын жалғастыруға қалған. Оқушылармен бірге 13 мұғалім болады. Ал, 54 оқушы елге оралу үшін жолға шыққан.

«Қазір аталған пансионатта оқушылардың демалысын жақсы өткізуіне барлық жағдай жасалды. Өзім сол пансионатқа балалардың жағдайын білу үшін барамын», - деді Марат Әбуов.

«Қазақстан геологі» емдеу пансионаты 2001 жылдан бері жұмыс істейді. Ресей Федерациясының Ставрополь өлкесінде Железноводск қаласының маңындағы Иноземцево кентінде орналасқан. Пансионат орналасқан Бештау тауының етегіндегі жер Қазақстанның Республикасының меншігінде берілген.

Еске сала кетелік, бұған дейін Ресейге демалуға барған оқушылар кері қайтатынын хабарлаған едік.

 

Соңғы жаңалықтар