Құлсарыға азық-түлік пен заттар авиация арқылы жеткізіліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Құтқарушылардың, жергілікті атқарушы органдар мен волонтерлердің бірлескен жұмысының нәтижесінде 80 мыңнан астам тұрғыны бар 135 елді мекен және 21 мыңнан астам ғимаратты су басуға жол берілмеді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы Қаһарман Оразалин мәлім етті.

Құлсары
Фото: Ақтөбе облыстық ТЖД

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облысына мемлекеттік материалдық резервтен арнайы және автомобиль техникасы, шатырлар мен төсек-орын берілді. Ұлттық ұланның авиациясымен Астанадан Құлсары қаласына азық-түлік, қапшықтар мен мотопомпалар жеткізіледі. Құтқарушылардың, жергілікті атқарушы органдар мен волонтерлердің бірлескен жұмысының нәтижесінде 80 мыңнан астам тұрғыны бар 135 елді мекен және 21 мыңнан астам әртүрлі мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстар топан судан аман қалды», - деді Қаһарман Оразалин Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

ТЖМ өкілінің мәліметінше, Ақтөбе облысында Қорғаныс министрлігінің инженерлік әскерлерінің уақытша понтон-көпір паркін орнатуының арқасында Ойыл аудан орталығымен байланыс қалпына келтірілді.

«Соңғы тәулікте Төтенше жағдайлар министрлігі мен Қорғаныс министрлігінің күштері мен құралдары Маңғыстау облысынан Атырау және Құлсары қаласына ауыстырылды. Барлық күштер мен құралдар су тасқынының салдарын болдырмауға және жоюға бағытталған. Төтенше жағдай ушыққан жағдайда қосымша шаралар қабылданады. Авариялық-құтқару шаралары жұмысын тәулік бойы жалғастырады», - деп толықтырды спикер.

Бұған дейін су басқан өңірлердегі соңғы жағдай туралы хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар