Күмәнді лотереяларды ұйымдастыруға заңмен шектеу қойылатын болды

Осы заң жобасы Қазақстан Республикасының аумағында лотерея қызметі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, осы қызметті ұйымдастырудың және өткізудің тәртібі мен шарттарын айқындайды. Сондай-ақ лотерея қызметін мемлекеттік реттеудің ұйымдастырушылық негіздерін белгілейді.
Үкіметтің заң жобасына берген берген түсіндірмесінде бүгінгі таңда лотерея қызметі бірқатар заңнамалық және нормативтік құқықтық актілермен регламенттелетіні атап өтілген.
Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан Республикасы лотерея қызметі саласында либералды саясатты ұстанды. 1996 жылы ұлттық лотереяны енгізгенге дейін елдің аумағында тек жеке компаниялар өткізетін лотереялар ғана ұйымдастырылған.
Қазіргі уақытта нарықтың мемлекеттік емес секторындағы 70 шаруашылық жүргізуші субъектінің лицензиясы бар, оның 15-і лотерея қызметін жүзеге асырады. Оның ішінде ұлттық лотереяны ұйымдастыру және өткізу жөніндегі кеңес дирекциясы бар.
Лотерея қызметінен түсетін қаражат туралы айтар болсақ, 2009 жылы лотереяны өткізуден мемлекеттік бюджетке түскен салық төлемдері мен өзге де түсімдердің көлемі 48 млн. теңгені құраған. Осы көрсеткіш 2010 жылы - 153 млн теңгеге, 2011 жылы - 219 млн. теңгеге жеткен, ал 2012 жылы 433 млн. теңгені құрады.
Дегенмен нарықта халықтың лотереяларға қатысуға сенімін төмендететін қаржылық және құқықтық тәртіп бұзушылықтар орын алған. Мұндай заңды бұзушылықтың болғаны Бас прокуратураның мәліметтерімен де расталған. Осы ретте, аталған саланы заңнамалық реттеу қажет.
Соған орай осы заң жобасы лотереяларды ұйымдастыру мен өткізудің қазіргі уақытқа сай құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін заңнамалық деңгейде анықтау мақсатында әзірленген.
Бастамашылардың айтуынша, заң жобасын қабылдау осы саладағы кәсіпкерлік қызметтің дамуына оң әсер ететін мемлекеттік реттеудің және бақылаудың жаңа жүйесін енгізуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, күмәнді лотереяларды ұйымдастыруды шектеуге және халықтың лотерея ойындарына деген сенімін арттыруға ықпал етеді. Бұған қоса, заң жобасының айтарлықтай маңызды элементі лотереяны өткізудің әлеуметтік маңыздылығын енгізу болып табылады. Соның нәтижесінде ұлттық лотерея операторының институтын енгізу ұсынылады, оны Қазақстан Үкіметі айқындайтын болады.