Күн сайын табыс табуды уәде еткен CVK қаржы пирамидасын ұйымдастырушы сотталды
АСТАНА. KAZINFORM – Қарағанды облысында «CVK» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастырушы С.Ш. Қайырбаев мүлкі тәркіленіп, екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Қаржылық мониторинг агенттігі мәліметінше, жобаға қатысушыларға құны 120-дан 49 мың АҚШ долларына дейінгі виртуалды дүкендерді сатып алу үшін USDT криптовалютасымен қаражат салу ұсынылған.
Оларға күн сайын табыс түсетіні, сондай-ақ жаңа салымшыларды тартқаны үшін қосымша бонустар берілетіні уәде етілген.
– Алайда виртуалды дүкендерде орналастырылған тауарлар іс жүзінде болмаған, ал табыс табу жаңа қатысушыларды тартуға және олардың ақша салуына тәуелді болған, – делінген агенттік хабарламасында.
Салымшылардың қаражаты USDT криптовалютасымен OKX платформасы арқылы электронды әмияндарға аударылған.
Жедел іс-шаралар барысында 474 мың USDT көлеміндегі криптоактивтер бұғатталды. ҚМА дерегінше, оның құны 212 млн теңгеге тең.
Сот үкімімен аталған цифрлық активтер мемлекет кірісіне тәркіленді.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Айта кетейік, СҚО-да интернет алаяқтық 23 пайызға төмендеді.