Құнарсыз тамақ пен қозғалыссыз өмір адамдарды дертке шалдықтыруда - дәрігер-нейрохирург
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Құнарсыз тамақ пен қозғалыссыз өмір адамдарды дертке шалдықтырып, көбісінің омыртқасы ауыра бастады. Ақтөбе медициналық орталығы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Ержан Узганов қаланың емес, ауыл баласының шымыр екенін, дертке шалдыққан адамдардың әлі де болса емшіге сеніп, уақыт өткізетінін ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.
Ержан Есенгелдіұлы Ақтөбеде туып-өсіп, өңірдегі ірі оқу орнында білім алған. Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық академиясының Емдеу ісі факультетінде оқи жүріп Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасының нейрохирургия бөлімінде мейіргер болып жұмыс істеді. Қолына диплом алған жас маман бірден сол ауруханаға дәрігер болып тұрақты қызметке орналасады әрі Алматыдағы мемлекеттік институттың нейрохирургия бөлімінде біліктілігін жетілдіреді. Ал 2004-2008 жылдары аралығында оқ тиіп жараланғанның, жол-көлік оқиғасы кезінде зардап шеккеннің, көлік қағып, жағдайы ауыр күйде жеткізілген науқастың өмірін арашалау үшін бар күшін салды. Демалыссыз, кейде үздіксіз ота жасады. 2008 жылы ауруханадағы нейрохирургия бөлімінің аға дәрігер болып, қажет кезде санавиациямен аудандарға барып, сол жақта жедел шешім қабылдап, ота жасады. Ұзақ жылдар бойы бір аурухана ем жүргізіп, ота жасаған Ержан Узганов 2013 жылы Астанаға ауысты. Республикалық жедел жәрдем ғылыми орталығының бас маманы болып еңбек етті. Ол жерде де телекөпір арқылы аймақтардағы нейрохирургтарға кеңес беріп, шұғыл көмек керек болғанда санавиациямен облыстарға барды. Ал қазір Ақтөбе медициналық орталығындағы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі. Бөлімде тағы екі нейрохирург бар. Үш жылда үш хирург 600 ота жасады. Оның 150-ден астамы жоғары мамандандырылған операция болды.
«Жаңа ауруханада алғаш рет омыртқаға, жұлын, бас-ми ісігіне операциялар жасала бастады. Жарылып, орнынан қозғалып кеткен омыртқаны қалпына келтіру, бұранмен бекіту, пышақ қолданбай омыртқалардың ортасына ине кіргізіп, «цемент» құю, омыртқа жарығын алып, аралық дискіні ауыстыру секілді барлығы алты түрлі ота өңірде алғаш жасалды. Қазір адамдар арасында омыртқа ауруы жиілеп кетті. Остеохондроз, омыртқа жарығы сияқты асқорытуға байланысты ауру түрлері өршіді. Шынын айтқанда медицинаның көмегі 10 пайыз ғана. Қалған 90 пайызы адамның өз қолында. Омыртқа дертіне шалдықпас үшін дене шынықтыру керек. Сүйектің мықты болуы тамағымыздың құнарына да байланысты. Қазір бәрі жалқау, қимылдамайды, компьютерден түспейді, балалар бұрынғыдай ойнамайды. Ата-аналар белің ауырып қалады деп балаларға қара жұмыс істетпейді. Ауыл мен қала баласын салыстырыңыз, ауыл балалары шымыр болып келеді»,- дейді Ержан Узганов.
Қытырлақ қатқан нан, чипсы және газдалған сусынмен тамақтанып, компьютер ойнайтын бала күнде жеміс-жидек жесе де қаны аздық дертіне шалдығып, аурушаң болады. «Дұрыс тамақтанбаймыз. Қазір балалар сиыр сүтін ішпейді, үй тамағын жемейді. Қораптағы сүттің дәрумені аз. Бұрын қалай еді? Ауыл баласы алманы жаңа жылда, тойда жейді. Нан мен май да үйде, жарма жейді. Ет те бар. Мұның орнын қазір жасанды тамақтар ауыстырды. Салдарынан ауру асқынып жатыр», - деді дәрігер.
Ақтөбе медициналық орталығында ми ісіктеріне де ота жасалады. Өкініштісі, бұл дерт көбіне асқынып кеткенде анықталады. Адам әлсіреп, аяқ-қолынан жан кетіп, денесі құрысып, сіңірі тартылған кезде ем іздеп, емханаға барады. Елімізде бас-ми ауруын алдын-ала анықтауға арналған тексеру жоқ әрі компьютерді томография қымбат аппарат.
Ауруханада инсультке арналған ота ғана шұғыл жасалады. Өзгесі жоспарлы операция екен. Бұрын жасы үлкен қариялардан анықталатын дерт қазір 30 жастан асқан адамдарда да кездеседі. Жастар көбіне тамыр жарылып, мальформация, аневризма диагнозымен түседі.
«Ақтөбе облыстық ауруханасындағы нейрохирургия бөліміндегі аппараттар жаңа әрі сапалы. Көбіне Германия, АҚШ-тан әкелінеді. Дегенмен медицина бір орында тұрмайды. Жаңа технологиялар шығып жатыр. Мәселен, қазір операцияның үстінде компьютерлі томография жұмыс істеп тұрады. Нейронавигация көбіне Германиядан шығарылады. Бұл ісікті дәл анықтауға, науқастың тез сауығып кетуіне ықпал ететін технология», - дейді Ержан Есенгелдіұлы.
Облыстық орталыққа аудан, ауылдан, өңірдегі барлық емханадан кеңес алушылар келеді. Кезек көп, ем іздеушілер дәрігерге бар үмітін артып отыр. Арасында сенбейтіндері, емшіден көмек сұрап кететіндері де бар. Олар уақытты текке өткізіп, соңында дәрігердің есігін қайта қағады.
«Алдымен бізге келіп кеңес алады, кейін бақсы, емшеге кетеді. Бір жылда адамның жүйке жүйесі өліп қалса, отадан соң аяқтан жан кетіп қалады. Кейін бәріне дәрігерлер кінәлі болады. Емші көп, оларға сеніп кететіндер аз емес», - дейді дәрігер.
Нейрохирургия өте нәзік сала. Мұнда операциялардың бәрі арнайы ұлғайтқыш құралдармен жасалады. Хирург бір орында 3-4 сағат, тіпті 7 сағат тұрып, тапжылмастан, басып бұрып, су ішпестен ота жасайды. Сондықтан болар, елімізде бұл мамандықты меңгеремін дейтін адамдар 11 жыл бойы оқып, тәжірибе жинайды. Бұл салада 10 жылдан астам еңбек тәжірибесі бар Ержан Узганов қыздар үшін нейрохирургия қиын екенін айтқанымен, қазір Ақтөбе резидентурасында бірнеше нәзік жанды осы мамандық бойынша білім алып жүр.
«Бір орында тапжылмай тұрып, пышақтың әр қимылын өлшеп, жауапты ота жасау өте қиын. Кейде дәрігерлер 100 операция жасадым деп айтып жатады. Мейлі мың ота жасайық, адамның ағзасы бір-біріне ұқсамайды. Қарапайым ғана омыртқа жарығын алсақ, ол әр адамда әртүрлі. Нейрохирург отадан бұрын, отадан кейін уайымға салынады. Қалай өтеді, аяғын басып жүре ала ма, тұра ала ма? Сондықтан болар, елімізде нейрохирургтар аз, саны 200-ден асады. Біздер бір-бірімізді танимыз. Тіпті, көрші елдердің нейрохирургтарымен байланыстамыз», - деді Денсаулық сақтау саласының үздігі Е.Есенгелдіұлы.
Төрт баланың әкесі ауырып ем іздегеннен, ауырмаудың жолын қолға алуға шақырды. Құнарлы тағам жеп, көз қызықтырар жартылай фабрикаттардан бас тарту қажет дейді. Үнемі дене жаттығуларын жасап жүрген жөн. Алайда дәрігердің өзі айтады, өзі спортпен шұғылданбайды.
«Студент кезімде мейіргер болдым, жағдайы қиын адамдарды көрдім. Жан ауырып, ем іздегендерді көргенде оларға көмектескім келді. Сондықтан болар, нейрохирургия саласын таңдап, осы бағытты дамыту жолында ондаған ғылыми-медициналық конференция, семинар, шеберлік сабақтарына қатыстым. Балаларым да медицинаны таңдай бастады. Тіпті кішкентай қызым қуыршақпен ойнағанда дәрігер болып, ем жасайды», - деді хирург.
Дәрігер үшін жұмыс дегеніміз адам саулығы, ұлт саулығы. Олар уақытпен санаспайды, 8 сағаттық режимге бағынбайды. Олар кейде молда сияқты. Ақыл-кеңес береді, бірақ оны өздері ұстанбайды. Олардың еңбегі ел аузында. Адам өмірін арашалағандар мадақталады, мақталады. Жоғары санатты нейрохирург Ержан Есенгелдіұлы да 2014 жылы Н.И.Пирогова атындағы медалін алып, өткен жылы Денсаулық сақтау саласының үздігі атанды.