Kundelik-тен мыңдаған оқушының деректер базасы интернетте тарап кеткені рас па
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін әлеуметтік желілерде қазақстандық Kundelik электронды күнделігінің пайдаланушыларына қатысты деректер базасы интернетте тарап кетті деген ақпарат пайда болды.
Telegram арналарда жазылған деректерге қарағанда, олардың ішінде оқушылардың аты-жөні, туған күні, білім беру ұйымдарының атауы мен сыныбы көрсетілген.
Осыған қатысты «Kүнделік (Kundelik)» ЖШС ресми түсініктеме берді.
- Жеке деректердің тарап кеткендігі туралы ақпарат анонимді Telegram-арнасы арқылы жайылуда. Мұндай арналар өз кезегінде жариялаған мәліметтер үшін жауапкершілік алмайды.
Қазіргі уақытта Kundelik жүйесінен деректердің тарап кету фактісі расталмаған. Компания тиісті ішкі техникалық тексеріс жүргізуде. Тексеру аяқталғанға дейін оқиғаның себебі мен ауқымы туралы кез келген ақпарат мерзімінен бұрын жасалған болып табылады, - делінген компанияның мәліметінде.
«Kүнделік (Kundelik)» ЖШС тексеру қорытындысы бойынша қоғамды қосымша хабардар ететінін де хабарлады.
Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстау полициясының бастығы туралы фейк ақпарат тарағаны хабарланған болатын.