Құны – 443 млн теңге: Ұлытау облысында 31 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды
АСТАНА. KAZINFORM - Жер ресурстарын ұтымды пайдалану мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып саналады. Осыған байланысты прокуратура органдары жер қатынастары саласындағы заңдылықтың сақталуына тұрақты негізде қадағалау жүргізеді.
Жүргізілген жұмыс барысында жер учаскелерін беру және пайдалану кезінде заңнама талаптарының бұзылғаны анықталды. Атап айтқанда, Жаңаарқа ауданында құны 334 млн теңге болатын, ауданы 169 га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін заңсыз беру фактісі анықталды.
Жезқазған қаласында уақытша жер пайдалану құқығының мерзімі аяқталғаннан кейін мемлекет меншігіне қайтарылмаған, жалпы ауданы 2,9 га болатын құны 96 млн теңге 29 жер учаскесі анықталды.
Сонымен қатар құны 11 млн теңге болатын коммерциялық мақсаттағы жер учаскесін заңсыз беру фактісі анықталды.
Прокурорлық қадағалау актілерін қарау нәтижесінде жалпы құны 443 млн теңге болатын 31 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.
Жер заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету және жер қатынастары саласындағы мемлекет мүддесін қорғау жұмыстары жалғасып жатыр.
Айта кетейік, Қызылордада 53 жер учаскесі мен 6 су айдыны мемлекетке қайтарылды.
Түркістан облысында 10 су каналы мемлекет меншігіне қайтарылды.
Павлодар облысында мемлекет меншігіне 2 мың гектардан астам жер қайтарылды.