«Құпия» грифі бар - Антикор Марат Бекетаев пен «Болашақ» бас директорының ісі туралы пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс куларында БАҚ өкілдері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұловтан экс-министр Марат Бекетаев пен «Болашақ» бас директорының ісін не байланыстыратынын сұрады.

«Бұл істердің «Құпия» грифі бар, өйткені төрелік істер болып жатыр. Миллиондаған доллар сыртқа кетіп, тиісті жұмсалмағандықтан, мемлекетке зиян келгендіктен, бұл іс тергеліп жатыр», - деді ол.
«Бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаев пен «Болашақ» бас директорына қарсы істер екі түрлі іс пе, әлде бір іс пе?» - деп сұрады журналист. Агенттік өкілі бұл істер құпия болғандықтан ашып айта алмайтынын жеткізді.
«Бұл істер құпияландырылған. Қазір ол істер әртүрлі немесе бір іс деп айта алмаймын. Ол істерге міндетті түрде құқықтық баға береміз», - деп қайырды Ұлан Сарқұлов.
Еске сала кетейік, бұрынғы Әділет министрі былтыр қазанда лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталған еді. Антикордың мәліметінше, ол талап етілмейтін қызметтерді көрсетуге жыл сайынғы келісімшарттар жасау арқылы үлестес компанияның мүддесін қолдаған. Экс-шенеунікті қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылды. Соңғы рет биыл 21 мамырда 2024 жылғы 21 маусымға дейін қамау санкцияланды. Ал 12 шілдеде Антикор әділет министріне және басқа да қатысы бар тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғанын мәлім етті.