Құрылыс саласында баға белгілеудің ашықтығы қамтамасыз етілді

АСТАНА. KAZINFORM – Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудит қорытындысы бойынша құрылыста баға белгілеу жүйесін жетілдіру, нормативтік базаны жаңарту және бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру шаралары қабылданды, деп хабарлайды палатаның баспасөз қызметі.

офис сотрудник ноутбук работа қызметкер жұмыс
Фото: Kazinform

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Қаржы министрлігінің бірлескен бұйрығы негізінде құрылыс ресурстары бағаларының анықтығын қамтамасыз ету тәртібі бекітілді. Енді уәкілетті орган ішкі нарыққа тауар жеткізушілердің деректерін және электрондық шот-фактуралар мәліметтерін тұрақты түрде алып отырады.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап құрылыс материалдары мен жабдықтарын өндіретін және жеткізетін кәсіпкерлердің тізбесін жүргізу қағидалары күшіне енеді. Мұндай субъектілер баға мониторингі үшін қажетті ақпаратты тікелей ведомствоға ұсынуға міндеттелді.

Сонымен қатар Құрылыс жобаларының мемлекеттік банкіндегі авторлық құқық мәселесі реттелді. «Мемсараптама» РМК 921 жоба бойынша кеңес өткізіп, 917 авторлық шартқа қол қойды.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Құрылыс кодексіне енгізілген түзетулерге сәйкес, мемлекеттік инвестициялар есебінен жасалған жобаларға мүліктік құқықтар автоматты түрде уәкілетті орган мен мемлекеттік сараптама ұйымына өтеді. Бұл дайын құжаттаманы қайта қолдануға, жобалау мерзімі мен құнын қысқартуға жағдай жасайды.

Саланың нормативтік-техникалық базасы да қайта қаралды. Анализ нәтижесінде 20 жылдан астам уақыт бұрын әзірленген 455 құжаттың ішінен 386 ескірген құжат алып тасталды, ал 69-ы қолданыстағы норма ретінде сақталды.

Осыған дейін аудиторлық палата талаптарын орындамаған 18 шенеунік жазаға тартылған болатын.