Құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алудың ережесі қатаңдатылады
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік тапсырыс бойынша іске асырылатын құрылыс жұмыстарына атсалысатын қосалқы мердігерлерге қойылатын талаптар күшейтіледі. Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат депутатының сауалына жолдаған жауапта осындай мәлімет айтады.

— Жүргізілген талдауға сүйенсек, мердігердің жұмыс тәжірибесін растау процесінде бюджет есебінен тыс жүргізген жұмыс тәжірибесін есепке алу сыбайлас жемқорлыққа осал фактордың бірі болып отыр. Сонымен қатар, орындалған жұмыстардың актілерінде қосалқы мердігер ұйымдарды шектеусіз мөлшерде көрсету және жұмыс тәжірибесін есепке алған кезде бұрын орындалған жұмыстардың сомасын ескермеу де проблема болып отыр, — делінген жауапта.
Осы проблеманы жою үшін Үкімет мемлекеттік сатып алу ережесіне түзетулер әзірлеген.
— Ол түзетулердің ішінде мердігердің жеке тапсырыстарды орындау тәжірибесін жұмыс тәжірибесі ретінде есепке алудан бас тарту ұсынылып отыр. Сондай-ақ, жұмыс көлемін қосалқы мердігерлердің санына қарай үлестіру және бұрынғы жұмыс тәжірибесін есепке алған кезде бұрын атқарған жұмыстардың сомасы конкурста көрсетілген соманың 70 пайызынан кем болмауын ескеру тәртібін енгізу көзделіп отыр. Қаржы министрінің бұйрық жобасы көпшілік талқылауына шығарылған. Мамыр айының аяғына дейін күшіне енуі керек, — деп жазады Олжас Бектенов.
Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылысы ұзаққа созылған жобаларды бақылауға алғанын мәлім еткен едік.