Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Құрылтай барлық мемлекеттік институттың легитимділігінің бастауы болады – саясаттанушы

АСТАНА. KAZINFORM – Саясаттанушы Бақытжан Бұқарбай «Құрылтай сайлауы: конституциялық негіздер және саяси трансформация» деген атаумен ұйымдастырылған сарапшылар алаңында алдағы сайлауға және Құрылтайдың рөлі қандай болатынына баға берді.

Бақытжан Бұқарбай
Фото: Ағыбай Аяпберген/Kazinform

— Сайлау науқаны ғана емес, Қазақстанда жаңа жүйенің саяси қалыптасуы жүріп жатыр. Конституциялық реформа заң қабылданған кезде аяқталмайды. Ол жаңа институттар жұмыс істей бастағанда, ары қарайғы өміршеңдігін дәлелдейді. Сондықтан Құрылтай сайлауы — конституциялық реформаның қорытындысы емес, керісінше, оның практикалық кезеңінің бастауы, — деді ол.

Сарапшының сөзінше, реформаның ең маңызды ерекшілігі — жекелеген мемлекеттік органдар емес, қазір еліміздегі жария биліктің тұтас архитектурасы өзгеріп жатыр.

— Саясаттану ғылымында ең алғашқы құрылған институт ары қарай құрылатын институттардың легитимділгі мен тұрақтылығына әсер етеді. Сонымен бірге, кейінгі құрылған институттар алғашқы құрылған институттың тиімділігіне қарай бой түзейді. Бұл өте маңызды. Конституциялық реформадан кейін ең алғашқы құрылатын институт Құрылтай болғалы отыр. Сондықтан оның қалыптасқалы жатқан саяси архитектураның сызбасында маңызы зор. Құрылтай сайлауы өткеннен кейін, Вице-президент, Үкімет, Халық кеңесі секілді институттар іске кіріседі. Демек, Құрылтай барлық мемлекеттік институттың легитимділігінің бастауы болады, — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Парламенті Мәжілісі VIII шақырылымының депутаты Айдос Сарым Құрылтай сайлауы үлкен бастамаларға жол ашатынын айтқан еді.