Құрылтай депутаты Алатау қаласы тұрғындарының басты проблемаларын атады
АСТАНА. KAZINFORM – Құрылтай отырысында Премьер-министрдің орынбасарына сауал жолдаған депутат Жанарбек Әшімжан Алатау қаласының негізгі проблемаларын көтерді.
- Алатау – кезекті жаңа қала ғана емес, ол еліміздің технологиялық және экономикалық жаңғыруының маңызды алғышарттарының бірі. Сондықтан Smart City ең алдымен smart өмір сүру ортасын қалыптастыруы тиіс. «Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабының мүшелерімен кездесуде қала тұрғындары өздерінің алаңдаушылығын жеткізгенін баса айтқымыз келеді. Қала құрамына енген елді мекендердің халқы базалық инфрақұрылым мәселесімен әлі бетпе-бет келіп тұр. Цифрлық трансформацияның толық нәтижесі туралы айту да қиындау. Сондықтан Алатаудың дамуын жаңа технологиялық нысандармен ғана емес, халықтың күнделікті өміріндегі нақты өзгерістермен ұштастыру маңызды, - деді Құрылтай депутаты.
Оның мәліметінше, Еңбек және Жетіген елді мекенінде соңғы жылдары бірқатар мәселе шешілді. «Келешек мектеп» салынды, заманауи фельдшерлік-акушерлік пункт іске қосылды, газ желілері тартылды. Жолдар мен электр желілерін жаңарту жұмыстары басталды.
Жетігендегі теміржол өткелінің мәселесі жаңа көпірдің іске қосылуымен шешімін тапты.
- Алайда әлі де проблемалар бар. Кей көшелерде абаттандыру аяқталмаған. Газ желісіне қосылу құны тұрғындар үшін қымбат. Әлеуметтік нысандарға білікті мамандар тарту мәселесі де өзекті. Бұл – жеке ауылдардың ғана емес, Алатау қаласының жаңа моделінің қаншалықты әділетті әрі тиімді қалыптасып жатқанын айқындайтын көрсеткіш. Цифрлық мемлекет құру – тек қосымша камера немесе электронды қызмет енгізу емес. Оның мәні – азаматтың уақытын үнемдеу, мемлекеттік қызметті қолжетімді ету, инфрақұрылымды тиімді басқару және шешім қабылдауды нақты деректерге негіздеу, жалпы халықтың өмір сүруіне қолайлы орта жасақтау. Сондықтан Алатау Smart City жобасы қала орталығындағы технологиялық шешімдермен ғана шектелмей, оның электрондық-әлеуметтік мүмкіндігі қала құрамына кіретін барлық елді мекендерге жетуі қажет, - деді Жанарбек Әшімжан.
Осыған орай ол вице-премьер Қанат Бозымбаевтан:
- Алатау қаласының барлық елді мекенін қамтитын инженерлік, әлеуметтік және цифрлық инфрақұрылымды дамытудың бірыңғай жоспарын бекітуді;
- мектептер мен медициналық нысандарды қажетті мамандармен қамтамасыз етуді және цифрлық мемлекеттік қызметтерді барлық елді мекенге кезең-кезеңімен енгізуді;
- Алатау қаласының тиімділігін инвестиция көлемімен ғана емес, тұрғындардың өмір сапасы, инфрақұрылымға қолжетімділігі және мемлекеттік қызметтердің сапасы арқылы бағалайтын нақты көрсеткіштер жүйесін енгізуді сұрады.
Бұған дейін депутат Рәбиға Тоқсейітова Құс шаруашылығының ұлттық ғылыми-зерттеу орталығын құруды ұсынған еді.