Құрылтай: Күздегі саяси науқаннан не күтеміз

АСТАНА. KAZINFORM – 28 тамызда Құрылтайдың алғашқы сессиясы өтпек. Бұл елде жаңа саяси маусым басталғанын білдіреді. Осы күні билік пен қоғам арасындағы диалог деңгейі, партиялардың бәсекесі мен заң шығару ісінің болашақ бағыты айқындалуы тиіс. Осы орайда Kazinform тілішісі Құрылтай депутаттары мен жүйенің құрылымын талдады.

Курултай: каковы прогнозы на будущий политический сезон
Фото: Kazinform

Саяси жүйе сыналар кезең

Бір палаталы Құрылтайдың құрылуына жаңа Конституция тікелей әсер етті. Ата заңдағы өзгерістер елдің саяси архитектурасын, партиялар арасындағы бәсекенің бөлек логикасын қалыптастырды десек, артық емес. Бастысы, енді Құрылтайдағы жауапкершілік жекелеген депутаттарға емес, институт ретінде саяси партияларға көбірек жүктеле бастады.

Айта кету керек, Құрылтай сайлауының барысын қазақстандық сарапшылармен қатар, шетелдік мамандар да жіті бақылап отырды. Бәрі қоғам реакциясын, билік пен халықтың диалог мәдениетін назарда ұстағанын білеміз.

Бакудегі Саяси технологиялар орталығының президенті, саясаттанушы Вали Алибайовтың пікірінше, соңғы бірнеше жылда Қазақстан саяси трансформацияның маңызды кезеңінен өтті. Осылайша, мемлекеттіліктің жаңа моделі қалыптасты деуге болады.

Вали Алибайов
Фото: жеке мұрағатынан

– Қазақстанның саяси жүйесі өзгеруде, мемлекеттік институттар қайта құрылып жатыр. Баса назар аударатын тұс, мемлекет суперпрезиденттік жүйеден біртіндеп алшақтай бастады. Бұған президенттің өзі бастамашы болғанын көрдік. Бұл бұрынғы одақтас елдер үшін бұрын-соңды болмаған құбылыс еді, – дейді сарапшы.

Саясаттанушының пікірінше, бәрінен Құрылтайдың қалыптасуы мен сайлау науқанындағы белсенділік айрықша мәнге ие. Кезекті сайлау жаңа Конституцияның іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін және Президент–Парламент–Үкімет үштігінің қаншалықты өзгеретінін көрсетті.

Пікірсайыс, цифрландыру, идеялар бәсекесі

Құрылтай депутаттарын сайлау науқанын тарихи кезең ретінде бағалағандар көп. Ал кешегі дауыс беру қорытындысына қарасақ, бұл жолғы сайлау расында тарихта қалатын оқиғаға айналды. Мысалы, дауыс бергендер саны бұрынғы Парламент депутаттарын сайлау науқанынан әлдеқайда жоғары деңгейге жетті.

Сонымен қатар халықтың партияларға деген көзқарасы біршама жаңарғандай. Саясаттанушы Таир Нигманов мұндай өзгеріске қоғамның сенімі мен партиялардың саяси сауаты әсер етті деп отыр.

– Өткен сайлау науқанының жаңалығы — пікірсайыстар. Иә, бұған дейін дебаттар өтті: партиялар арасында, телеарналарда, президенттік сайлау кезінде де пікірсайыстар ұйымдастырылды. Алайда дәл осы сайлаудың пікірсайысын сан мен сапасы жағынан көш ілгері деп айтуға болады. Коммуникацияның мүлде жаңа деңгейге көтерілгені байқалады, – деп бағалады Таир Нигманов.

Таир Нигманов
Фото Таир Нигмановтың жеке мұрағатынан

Спикердің болжамынша, пікірсайыстың көбеюі заман талабына жақын әрі электорат үшін де қолайлы. Өйткені партиялардың ондаған беттік сайлауалды бағдарламасын оқығаннан, қысқаша мазмұнын саяси ұйым өкілдерінің өз аузынан естіген оңай. Сұрақ-жауапқа да орын берілуі бағдарламаны талдауға қосымша көмек беріп отыр.

– Күнделікті күйбең тіршілікпен жүрген адам сайлауалды бағдарламаны егжей-тегжейлі оқуға уақыт жұмсамайды. Сондықтан сайлау штабтарының міндеті – ауқымды бағдарламаның мәнін бөліп алып, оларды түрлі коммуникация арналары арқылы сайлаушыға жеткізу. Бұл тұрғыдан алғанда, пікірсайыс – ең маңызды құрал. Ол бағдарламаны нақты талқылау тақырыбына айналдыруға мүмкіндік береді: қарсыластар ұстанымын қорғайды, сын айтылады, уәжге қарсы дәлел келтіреді. Осы арқылы сайлаушы қай партияға болысатынын тез шеше алады, – деп түсіндірді сарапшы.

Содан болар, әу бастан сайлаушылардың таңдауы қай партияға ойысқанын аңғардық. Пікірталастар барысында жүргізілген сауалнама сайлаудың ресми қорытынды статистикасымен шамалас шықты. Мәселен, сауалнама бойынша халықтың басым қолдауына ие болған «Әділет» партиясы сайлауда 71,17 пайыз дауыспен көш бастады. Бұл нәтиже қоғамның «Әділетті Қазақстанды» қолдайтынын және Президенттің стратегиялық бағытына оң бағасын білдіреді.

Екінші орынға жайғасқан «Ауыл» партиясы (6,26%) биыл электоратпен жұмысты жүйелі жүргізді. Ауыл тұрғындарының мүддесі, аграрлық саясат, азық-түлік қауіпсіздігі секілді өзекті мәселені Құрылтайда қозғайтынына көз жетті. Көшбасшы партиядан айтарлықтай алшақ болғанына қарамастан, «Ауыл» өңір мен аграрлық саланың сойылын соғатын партия ретінде рөлін сақтап отыр.

Поток продолжается: за несколько часов до закрытия участков казахстанцы продолжают идти на выборы
Фото: Kazinform

Үшінші орынға ауыздық тістесіп келген бірнеше партия бар: Республика партиясы – 5,56%, «Ақ жол» партиясы – 5,21%, ЖСДП – 5,11%. Олардың барлығы Құрылтайға өтуге қажет 5 пайыздық межені еңсерді.

Жалпы мұндай нәтиже қоғамның әртүрлі саяси көзқарасқа иек артатынын білдіреді. Кәсіпкерлік бастаманы қолдаушылар Республика партиясына жақын, либералдық ұстанымның ығына жығылғандар «Ақ жол» партиясын қолдады, демократиялық түсініктегілер ЖДСП-ның жақтасы болды.

Қазақстанның Халық партиясы мен «Байтақ» партиясы бес пайыздық межеден өте алмады. Бұл олардың электоралдық базасының жеткілікті деңгейде қалыптаспағанын көрсетті. Сайлауалды науқандағы белсенділікке қарамастан халық солшыл идея мен экология тақырыбына қолдау білдіре қойған жоқ.

– Құрылтай сайлауының пропорционалды жүйесі партияаралық бәсекені өзгерткенін мойындау керек. Партиялар бағдарламасына байыппен қарап, институционалдық транформацияға дайын болды. Бұл жекелеген саяси фракциялардың ықпалын әлсіретіп, партиялардың бәсеке деңгейін арттыра түсті, – дейді Қытайдың Қазіргі халықаралық қатынастар академиясының өкілі Дин Сяосин.

Курултай: каковы прогнозы на будущий политический сезон
Фото: Kazinform

Оның пікірінше, Құрылтай Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан» құру, экономиканы әртараптандыру, цифрландыру бағытындағы бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қолдауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде елдегі ішкі саяси тұрақтылықты сақтап, Қазақстанның орнықты әрі жүйелі дамуына негіз болмақ.

Өзбекстандық саясаттанушы Равшан Назаровтың айтуынша, партиялардың аймақты дамыту, әлеуметтік саясат, экономикаға басымдық берілуі құптауға тұрарлық.

– Алдағы Құрылтай жұмысында өңірдегі мәселелер барынша белсенді көтерілетін сыңайлы. Біздіңше, қоғам мен билік арасындағы байланыс біртіндеп ашық диалог алаңына бет алып келеді. Мұны сайлау науқанында сезіндік. Билік сарапшылар қауымдастығын, қоғамдық ұйымдарды, БАҚ пен өңірлік институттарды ашық талқылауға үндеген болатын, – дейді ол.

Сайлаушы ынтасы

Сайлаушылардың қай партияға дауыс бергені ғана емес, олардың сайлау науқанына деген қызығушылығы да көп нәрсені аңғартады. Құрылтай сайлауындағы сайлаушылардың белсенділігі 74,19 пайызды құрады. Бұл – 2023 жылғы Парламент сайлауындағы көрсеткіштен айтарлықтай жоғары. Ол кезде дауыс беруге келген азаматтардың үлесі небары 54,1 пайыз болған.

Мұның алғашқы себебін сайлаудың өзінен іздеуге болады. Биылғы саяси науқан бұрынғыдан әлдеқайда қызықты өтті. Партиялар цифрлық коммуникация құралдарын белсенді пайдаланып, теледебаттар ұйымдастырумен ұтымды жол тапқан. Мысалы, YouTube платформасында тікелей эфирден пікірталастарды тамашалаған көрерменнің қатары көп. Сонымен қатар сараптамалық алаңдар мен өңірлік форумдарды да көп кездестірдік.

Поток продолжается: за несколько часов до закрытия участков казахстанцы продолжают идти на выборы
Фото: Kazinform

Екіншіден, сайлау науқанында идеялар бәсекесі қызды. Азаматтар халықтың тұрмыс деңгейі, бағаның өсуі, жұмыспен қамту, білім беру, медицина секілді нақты мәселелер талқыланғанын көрді. Ең бастысы, қоғам сайлауды дауыс беру рәсімі ретінде емес, елдің дамуына ықпал ететін тетік ретінде қабылдай бастады.

Әлеуметтік желілерде де дауыс беруге қатысқанын көрсету қалыпты әрі сәнді үрдіске айналды. Азаматтар сайлау учаскесінен түскен суреттерін жариялап, өздерінің дауыс бергенін білдіріп бақты. Бұл сайлаудың күнделікті қоғамдық мәдениеттің бір бөлігіне айналып келе жатқанын көрсетеді.

Беларусь стратегиялық зерттеулер институты бөлімінің басшысы Антон Дудареноктың айтуынша, бір айға созылған сайлау алдындағы үгіт-насихат кезеңі билік пен қоғам арасындағы саяси коммуникация сапасын арттырды. Бұған партиялардың цифрландыру үрдісін сәтті пайдаланғаны да ықпал еткен.

– Мәселен, өзін цифрлық партия ретінде таныстыратын «Әділет» партиясы онлайн-платформалар арқылы қазақстандықтардың ұсыныстарын жинап, оларды саралады. Қазақстанның Халық партиясы мәдени мұраны цифрландырудың маңызын көп айтты. Ал «Ақ жол» партиясы цифрлық экономика мен заманауи технологияларды қолдау мәселесін көтерген болатын.

Қазір сарапшылар e-Parliament тұжырымдамасы заң шығару үдерісін цифрландыруға қалай ықпал ететінін талқылауда. Көбімізді бизнес саласын цифрландыру, үгіт-насихат кезінде ЖИ технологиясын пайдалану тәсілі қызықтырды, – деп атап өтті сарапшы.

Курултай: каковы прогнозы на будущий политический сезон
Фото: expert.belta.by

Күздегі жоспар

Құрылтайды жай ғана заң шығаратын орган деп қабылдауға болмайды. Оның өкілеттігі әлдеқайда кең. Құрылтай Премьер-Министр мен Вице-президентті тағайындауға келісім береді, Конституциялық сотты, Орталық сайлау комиссиясын және Жоғары аудиторлық палатаны қалыптастыруға қатысады. Сондай-ақ күрделі мәселелерде шешім қабылдау құқығына ие.

Алайда бұрынғы Парламенттің таратылуы өңірлік өкілдік мәселесін қайта күн тәртібіне шығарып отыр. Қазір басты сұрақ бар: Құрылтайдың жаңа құрамында өңірлер қаншалықты тең қамтылады? Астана мен Алматыдан сайланған депутаттар облыстардың өзіне тән жергілікті мәселелерді қаншалықты ескере алады?

Бір палаталы Парламенттің тиімділігіне комитеттердің жұмысы, тәуелсіз сараптаманың нәтижесі, ашық парламенттік отырыс пен мәслихаттар кеңесі әсер етеді. Сарапшылардың пікірінше, Құрылтай артық бюрократияға жол бермей, қоғаммен және өңірлермен байланысын үзбеуі қажет. Яғни жаңа Құрылтайдың басты сыны қанша заң қабылдағаны арқылы емес, сол заңдардың қоғамның сұранысына қаншалықты жауап беретінімен өлшенбек.

Выборы в Курултай Казахстана (2026)
Фото: Kazinform / ЖИ

Мандаттарды бөлу нәтижесіне қарасақ, «Әділет» партиясы Құрылтайдағы 110 орынға ие болды. Бұл – басым орын. Яғни партия жаңа Құрылтайдың тақырып аясын қалыптастырып, негізгі шешімдерге айтарлықтай ықпал ете алады деген сөз.

Бұдан өзге «Ауыл» партиясына – 10 мандат, «Республика» партиясына – 9 мандат, ЖСДП мен «Ақ жол» партиясының әрқайсысына 8 мандаттан бұйырды.

Мәскеудегі Талдау және стратегиялық коммуникациялар орталығының директоры Александр Дроговоздың пікірінше, бір палаталы Құрылтайдың сапасы комитеттерге, тәуелсіз сараптамаға тәуелді.

– Егер мұндай механизмдер жұмыс істемесе, шешімді тез қабылдағанымен, заң шикі болуы ықтимал. Ал қате кетсе, кейін мемлекет жіберілген қателерді жаңа түзетулер енгізу арқылы қайта жөндеуге мәжбүр болады. Бұл қоғам мен инвесторлардың заңның тұрақтылығына деген сенімін әлсіретеді.

Сондықтан Құрылтайдың алғашқы жылдардағы жұмысы оның бір палаталы жүйеге көшу фактісінен де маңыздырақ. Дәл осы кезеңде институционалдық құрылымды жеңілдету мемлекеттік басқару сапасын арттыруға қаншалықты ықпал еткенімен айқындалады, – деп есептейді Александр Дроговоз.

Александр Дроговоз
Фото: Александр Дроговоздың жеке мұрағатынан

Сайлаудан кейінгі күз, сірә, жаңа жүйені жолға түсіретін маңызды кезең болмақ. Осы уақытта Құрылтайдың толық құрамы жасақталып, оның басшылық органдары мен комитеттері құрылып, ішкі жұмыс тәртібі айқындалады.

– Құрылтай атқарушы билікпен қарым-қатынастың тиімді жолын әзірлеуі керек. Құрылтайдың Премьер-Министрді тағайындауға келісім беру құқығы бар екенін ескерсек, жаңа Үкіметтің құрамын жасақтау және оны бекітудің саяси маңызы ерекше.

Сонымен қатар Құрылтайда азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелер талқылануы маңызды. Атап айтқанда, халық табысы, жұмыспен қамту, баға саясаты, коммуналдық және көлік инфрақұрылымы, тұрғын үй, білім беру, денсаулық сақтау мәселелері назарда болатыны анық, – деп толықтырды Александр Дроговоз.

Спикердің бағалауынша, Құрылтайдың екінші маңызды бағыты заңнамаларды жаңа Конституцияға бейімдеуге арналады. Конституциялық реформа ресми түрде күшіне енгенімен, жаңа нормаларды мемлекеттік басқару тәжірибесіне енгізу әлі жүзеге асуда.

Үшінші бағыт – экономикалық және сыртқы саясат. Әлемдік экономикадағы тұрақсыздық Қазақстан үшін көпвекторлы саясатты сақтап қалуға итермелейтіні түсінікті. Оған қоса нақты секторға тікелей әсер ететін экономикалық байланыстарды сақтау да оңайға соқпайды.

 Равшан Назаров
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Равшан Назаров та күзде саяси күн тәртібі негізгі үш бағытта шоғырланады деген пікірде. Олар — конституциялық реформаларды жалғастыру, әлеуметтік-экономикалық мәселелерге екпін түсіру және саяси тұрақтылықты сақтап қалу.

— Құрылтай саяси өзгерістерді мемлекеттік бағыттың сабақтастығымен үйлестіруге тырысады. Күрделі өңірлік әрі жаһандық геосаяси ахуал кезінде Қазақстан үшін бұл аса маңызды мәселе. Осылайша, ең ықтимал сценарий — жалпы саяси жүйені басқару тетіктерін сақтай отырып, институттарды біртіндеп жетілдіру, — деп есептейді сарапшы.

Саясаттанушы, Эрзинджан Бинали Йылдырым Университетінің профессоры, «Йени Шафак» газетінің шолушысы Айнұр Ноғаеваның пікірінше, Құрылтайдың мәні ішкі саясат шеңберінен едәуір кең. Егер де ол шын мәнінде жұмыс істейтін өкілдік институтқа айналса, бұл Қазақстанның саяси орнықтылығын күшейтіп, сыртқы саясат субъектісі ретіндегі рөлін нығайтады.

Фото: parlam.kz

— Орталық Азия үшін бұл өңірдің ең ірі елі саяси жаңғырту мен тұрақтылықты үйлестіріп отырғанының үлгісі болар еді. Посткеңестік кеңістік үшін мемлекеттік жүйенің эволюциялық трансформациясының үлгісін көрсетеді. Түркі әлемі үшін бұл жаңа институт — заманауи мемлекеттілікті тарихи-мәдени бірегейлікпен ұштастырудың жарқын мысалы, — деп атап өтті ол.

Бір палаталы Құрылтайға көшу қазірдің өзінде жүзеге асты және бұл процесс еліміздің саяси жүйесіндегі негізгі өзгерістердің біріне айналды. Күзде басты назар парламенттік рәсімдерді реттеуге және жұмыс органдарын қалыптастыруға аударылады, бұл бір палаталы модельдің тиімділігін және оның әлеуметтік нақты нәтижелерді қамтамасыз ету қабілетін тексереді.

Бұған дейін Құрылтай қалай жасақталатынын жазған едік.

Сонымен қатар сайлаудан кейін не болатынын жазғанбыз.