Құрылтай мен Халық кеңесіне заң шығару бастамасы құқығын беру жан-жақты сараланған байлам – Ізмұхамбетов
АСТАНА. KAZINFORM – Құрылтай мен Халық кеңесіне заң шығару бастамасы құқығын беру жан-жақты сараланған байлам. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның отырысында Мәжіліс депутаты Бақтығожа Ізмұхамбетов айтты.
– Әрине, конституциялық реформаның түпкі мәні – халықтың мемлекет басқаруы ісіне қатысу тетіктерін кеңейту. Сондай-ақ қоғамдық пікірді шешім қабылдау үдерісінің өзегіне айналдыру екенін жақсы білесіздер. Ата заңымызға Халық кеңесінің мәртебесін халықтың мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган ретінде бекіту ұсынылып отыр. Демек, Құрылтай мен Халық кеңесінің жұмысы мазмұндық жақтан үндесіп, бірін-бірі толықтырып, жетілдіріп отырады. Осылайша, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толыққанды жүзеге асыра алатын боламыз, - деді ол.
Осы орайда Мәжіліс дептутаты Құрылтай мен Халық кеңесіне қатысты нормаларды Конституцияда бекіту және екі органға да заң шығару бастамасы құқығын беру уақыт талабынан туындаған, жан-жақты сараланған байлам екенін айтады.
– Бұл қадамдар қоғамдық диалогты бірреттік науқан емес, тұрақты жұмыс форматына айналдыруды көздейді және оның практикалық тиімділігін арттыруға бағытталып отыр. Құрылтайды пропорционалды сайлау жүйесі арқылы қалыптастыру саяси белсенділікті шектемейді. Керісінше, бұл жүйе саяси тұрақтылық пен өкілдіктің теңгерімін сақтауға мүмкіндік береді. Ал азаматтар Халық кеңесі арқылы да мемлекеттің ісіне тікелей ықпал ете алады, - деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Мәжіліс депутатының пайымынша, бұл – халықтың үнін билікке жеткізудің балама емес, толыққанды жолы, алтын көпірі.
– Халық кеңесінің артықшылығы – оның кең өкілеттігінде. Демек, Халық кеңесі кеңесші орган ғана емес, халықтың ойы айтылатын, ұсынысы жеткізілетін, азаматтық ұстанымы ескерілетін алаңға айналады. Халық кеңесі әзірлеген ұсыныстар тек консультативтік форматта ғана емес, заңнама деңгейінде қаралады. Осылайша, Халық кеңесі ішкі саясаттың басты бағыттары бойынша ұсыныс береді. Қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға ықпал етеді. Жалпы ұлттық құндылықтарды ілгерілетуге араласады. Ең бастысы Халық кеңесі Құрылтайға заң жобаларын ұсынуға ие. Сондай-ақ республикалық референдум өткізу туралы бастама көтере алады. Сонымен қатар Халық кеңесіндегі ротация қағидаты қоғамның әртүрі топтары мен өңірлердің басқару ісіне кеңінен қатысуына жол ашады. Бұл демократияны қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асырудың айқын көрінісі, - деді ол.
Бұған дейін Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков жаңартылатын Конституцияның кіріспесіндегі өзгешеліктерді тәрбие құралы ретінде бағалады.