Құрылтай сайлауы алдында Қызылордада 9 жаңа учаске ашылды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауын ұйымдастыруға дайындық жүріп жатыр. Бұл туралы облыстық аумақтық сайлау комиссиясы хабарлады.
2026 жылғы 11 шілдеге дейін аумақтық және учаскелік сайлау комиссиясының құрамын жариялау көзделген. Осыған байланысты 9 шілде күні облыстық және аудандық басылымдарда тізім жарияланды. Сонымен бірге әкімдіктер сайлау учаскелерінің шекарасын жариялайды.
— Қызылорда өңірінде 9 аумақтық, 386 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. 9 аумақтық сайлау учаскесінде 63 комиссия мүшесі тұрақты түрде қызмет атқарады. 386 учаскеде сайлау комиссиясының 2720 мүшесі бар. Науқан алдында 9 жаңа учаске ашылды. Оның 7-і Қызылорда қаласында, 1-і Қазалы, 1-і Шиелі аудандарында. Өңірдегі 386 учаскенің 132-сі Қызылорда қаласында, қалғаны аудандарда. Аймақта 500 926 азамат дауыс беруші ретінде тізімге енген, — деді комиссия төрағасы Әділбек Ерсұлтанов.
Тұрғындардың тізімі 2 тамызға дейін нақтыланып, учаскелерге ұсынылады. Содан кейін учаскелер дауыс беруші азаматтар тізімімен жұмыс жүргізеді. Құрылтай сайлауын өткізуге жауапты комиссия мүшелері кезең- кезеңімен оқиды.
Еске салайық, ҚР Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауына арналған күнтізбелік жоспарды бекітті. Жалпы науқанды ұйымдастырудың ұзақтығы — 54 күн. 12 күн саяси партиялардың құжаттарын ұсынуға бекітілсе, 29 күн үгіт кезеңіне арналады.
22 тамыз — тыныштық күні, 23 тамыз — дауыс беру күні.